21 ноября 2022
Қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі. Бүгін мен келешегі
«Ұл туса — ұрпағымның өскені, қыз туса — ұлтымның өскені» деп халық даналығында айтылғандай, қоғамдағы әйелдер орны айрықша зерттеп, зерделеуді керек ететін өзекті тақырып екені даусыз. Қазіргі әлемдік қауымдастықта әйелдердің қоғамдағы рөлі мен орны туралы мәселелер зерттеушілер тарапынан әрдайым қызығушылық тудырып отырады. Бұл қоғамдағы әйелдер мен ерлердің орнын анықтау үшін ғана емес, жалпы әйелдердің саяси, экономикалық, әлеуметтік үдерістерге қатысын, қоғамдық белсендігілігі жайын анықтау үшін де қажет. Ол туралы «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теолог маманы Назгүл Данаева айтып береді.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің биіктігі ең алдымен әйелдердің құрметтелуінен, екіншіден – құқық берілуінен, үшіншіден қорғалуынан танылады.
Ислам дінінде әйел адамның қоғамдағы орны айрықша бағаланады. Яғни, әйелдер қауымының құқықтарын ерекше жоғары деңгейге көтеріп, қоғамдағы орнын айқындап берген ислам діні өзге діндерден оқ бойы озық тұрады. Ислам негіздері бойынша ерлер мен әйелдер Алла алдында тең, яғни пенде ретіндегі міндеттері бірдей. Мұхаммед пайғамбар хадистерінде отбасылық қатынастарда әйел затына мейіріммен, құрметпен қарау насихат етіледі. «Жәннат – аналардың басқан ізінің астында» деп әйел-ананың тұлғасы ерекше ұлықталады.
Әр қоғамда, әр ұлтта әйел адамға деген көзқарас әрқилы және де дау тудыратындай жағдайда болған. Біреуі қыз баланың дүниеге келуін мақтаныш көрсе, ал біреулері бұл жағдайды ұят санаған. Бұл ретте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың рахымы мен сәлемі болсын) әйелдерге құрметпен қарап, қамқорлық жасауға үйретуден жалыққан жоқ.
Ислам дінінде әйел адамның орны ерекше екені анық. Алла Тағала әйелдің сезімін еркекке қарағанда артығырақ жаратқан. Бұл сезімнің молдығы отбасында әйелдің негізгі әрі табиғи міндеті болып саналатын ұрпақ жалғастығы мен тәрбиесінде үлкен маңызға ие.
Құран Кәрімде «Ниса» (Әйелдер) сүресі бар, Еркектер сүресі жоқ. Ислам дінінде Алла Тағала ер адамға әйелін, баласын, ата-анасын, қолына қараған жақын туыстарын асырап, бағып-қағуға жүктесе, әйелге ондай міндет жүктелмеген. Өйткені, әйел адам өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеу сынды ұлағатты істермен айналысады. Әйелдер үйде немесе сыртта жұмыс істеуге мәжбүр емес. Тұрмыс құрған болса күйеуі, құрмаған болса әкесі әйелге қажеттіліктерін әкеліп беруге тиіс. Бұл жөнінде Құранда әйелдерінің және балаларының ақыларын өтемейінше адамның намаздары, оразалары қабыл болмайтыны айтылады. «Намаздары қабыл болмайды» дегені, намаз борышынан құтылады, бірақ оған берілетін үлкен сауаптарға қауыша алмайды дегенді білдіреді. Алла Тағала әйелді еркекке аманат етіп, аманатқа қиянат жасамауын да әмір еткен. Хадисте былай делінеді: «Әйелдеріңді ренжітпеңдер. Ол Алла Тағаланың сендерге аманаты». Пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде: «Үйінде (жетім) балалардың тәрбиесімен айналысып жатқан әйел жәннатта менімен бірге болады» деп бұйырады. Басқа бір хадис шәрифінде: «Дүние – өткінші пайда ғана. Оның пайда тигізетін ең қайырлы жаратылысы – ізгі әйелдер» делінеді. Алысқа кетпей-ақ, осы хадистерден әйел адамның отбасындағы бақыттың көзі, рахымшылықтың құшағы, мейірімділік тірегі екендігіне көз жеткіземіз.
Ата-бабаларымызды сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген қазақтың ұлттық дәстүрлері келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болмақ. Бірақ күн санап жоғалтарымыз көбеймесін десек, сол рухани бұлақтың бітелуге айналған бастау көзі бүгіннен бастап аршылуға тиіс. Бұл орайда «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле!» деген ұлттық ұстанымымызды ұлықтау өз нәтижесін берері анық.
Новости Компаний
Мы дорожим каждым нашим подписчиком и читателем, поэтому, пожалуйста, внимательно ознакомьтесь с рекомендациями при комментировании.