15 қарашада төл теңге айналымға енді

Ұлттық валюта егемендіктің символына айналды. 32 жылдың ішінде теңге бірнеше мәрте дизайнын өзгертті.

Қазақстан 1993 жылдың 15 қарашада  ұлттық валютасын айналымға енгізді. Осылайша, егемендіктің символы орнады. Соның арқасында елде жаңа экономикалық жүйе пайда болды. 32 жылдың ішінде қазақтың теңгесін күллі әлем таныды. Бірнеше мәрте дизайны бойынша әлемнің үздік банкнотасы деген атаққа ие болды.

32 жыл бұрын алғаш теңге «Портрет» сериясы қолданысқа енгізілді. Сол кезде қазақтың атақты тұлғалары ұлттық валютада бейнеленді. Алғашқы валюта Ұлыбританияда басылып, құпия рейспен Лондоннан алдымен Оралға тоқтап, кейін Алматыға жеткізілді. 1993 жылы 15 қарашаға дейін жаңа ұлттық валюта Қазақстанның облыс орталықтарына жетті. Сөйтіп, қазақстандықтар Кеңес үкіметі заманында қолданған рубльді теңгеге алмастырды.

Кейін теңгенің дизайны өзгеріске ұшырады. Атақты тұлғаларды «Әл-Фараби», «Бәйтерек» пен «Мәңгілік ел» сериясы алмастырылды. Теңгенің соңғы дизайны 2023 жылы бұқараға таныстырылды. «Сақ стилі» деп аталатын жаңа серия біртіндеп қолданысқа енгізіліп жатыр.

— Қазір енгізіп жатқан дизайн бұл- «Сақ стилі» сериясы банкноттары. Бұл серия 2023 жылы осыдан екі жыл бұрын енгізіле бастады. Әлі де енгізіліп келеді. Қазіргі таңда осы серияның төрт номиналы айналыста бар. Атап кеткенде олар 10 000, 5000 теңге, 2000 теңге және жақын арада 1000 теңгелік банкнота айналысқа енгізілді. Бұл серия осыған дейін қолданыста болған «Мәңгілік ел» сериясының орнына қабылданып келеді, — дейді «Ұлттық банкі» Батыс Қазақстан облысы филиалының бөлім бастығы Еркебұлан Аханов.

Қазақстандықтар кейде теңгенің жиі дизайны ауысқанын сынап жатады. Бірақ қаржыгерлер бұл тәжірибенің халықаралық стандартқа сай екенін айтады.

— Әрбір сегіз-он жыл сайын Қазақстанның Ұлттық банкі теңгенің дизайнын өзгертіп отырады. Бұл- халықаралық тәжірибе. Жасанды ақша жасаушыларға қарсы істелініп отырған шара. Әрбір он жыл сайын қорғаныш элементтері өзгеріп отырады. Өмірдің жаңа талабынан қалмас үшін жаңа қорғаныш элементтері пайдаланылады. Қазіргі таңда теңгенің 25 қорғаныш элементі бар,-деді «Ұлттық банкі» Батыс Қазақстан облысы филиалының бөлім бастығы Еркебұлан Аханов.

Теңгенің дизайны жаңарған сайын, ескі банкноттарды тапсыру мәселесі көпті алаңдатады. Алайда Ұлттық банктың қызметкерлері алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтады. Әрбір қолданыстан шыққан банкнотаны үш жылдың ішінде екінші деңгейлі банктерге апарып, алмастырып алуға болады. Ал, Ұлттық банктың филиалдары ескі банкноттарды мерзімсіз қабылдайды.