04 июня 2017
Алғашқы аукционда 8 жер телімі сатылды
Оралда жыл басынан бері бірінші рет жер учаскесін сату бойынша аукцион өтті.
Сауда-саттық шарасында 8 жер телімі өз иелерін тапты. Жергілікті кәсіпкерлер әзірге тек 5 жылға жерді жалға алу құқығын сатып алды. Кейін келісімшарт талаптарын орындаған соң, толық жер иесі атанады.
Саудаға Деркөл шағынауданындағы аумағы 400-ден 570 шаршы метрді құрайтын жер телімдері шығарылды. Аукцион ағылшын әдісімен өткізілді. Яғни, бастапқыда белгіленген ең төменгі баға өсе түседі. Алғашқы лотта ойын алаңы мен атракцион құрылысына арналған жер телімі ойнатылды. Бастапқы бағасы 59 мың теңге. Аукционист осы сумманың 10 пайызы мөлшеріндегі санды қосып айтып, бірнеше қатысушыдан бір адам қалғанша бағаны көтере береді. Ұсынылған ең жоғары бағамен келіскен адам ұтады.
Бірінші лоттың жеңімпазы кейінгі саудаға да қатысты. Ақжайық ауданынан келген шаруа Деркөлдегі 3 жер теліміне ие болды. Ол аукцион болатынын ғаламтордағы хабарландырудан білген. Сауда шарасына қатысу үшін бір лотқа 2-3 мың теңге жарна төлеп, тіркелген.
- Аукционға бірінші рет қатысып отырмын. Өзім ауыл шаруашылығы саласында еңбек етемін. Бірақ болашақта қалаға қарай келіп, дүкен салып, кәсіп ашайық деген оймен үш жер телімін сатып алдым. Үшеуі де Деркөл шағынауданында орналасқан, - дейді «Нығмет» шаруа қожалығының жетекшісі Зайдок ӨТЕҒАЛИЕВ.
Барлық 8 жер учаскесі бойынша сауда-саттық шарасы сәтті өтті. Оған қатысқан 15 тұрғынға жер телімдері картадан алдын ала таныстырылған. Ең қымбат жер телімінің құны 1 миллион 301 мыңға, ал ең арзаны 197 мың теңгеге сатылды.
- Бүгінгі өтіп жатқан аукцион шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерге өте ыңғайлы. Ашық түрде өтуде. Ризамыз. Аукционнан бір жер учаскесін алдым. Дүкен салмақшымын. Аукцион туралы хабарландыру оқығасын бірден қала әкімдігіне келіп, өтініш бердім. Бізге жер телімдерін көрсетті. Аукцион тәртібін түсіндірді. Кез келген адам қатыса алады, - дейді кәсіпкер Қанат ТАЛҒАТОВ.
Сатылған жер телімдерінде сауда-саттық нысандарымен бірге кеңсе ғимараты және дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Олардың мақсатты пайдаланылуы қаланы жобалау барысында ескерілген.
- Аукционға қатысушылар қазір тек жерді жалға алу құқығын сатып алды. Ол азаматтарға бұл жер 5 жыл мерзімге жалға беріледі. Әр жер телімінің белгіленген нысаналық мақсаты бар. Осы аралықта соған сәйкевс кәсіпкерлер құрылыстарын бастап, оны іске қосуы тиіс, - деп түсіндіреді Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан ҒАЛИЕВ.
Аукциондар бұдан кейін де өткізіледі. Оған қатысуға ниет білдірушілер БАҚ-та және қалалық әкімдік сайтында хабарландыру жарық көргеннен бастап 15 күннің ішінде тіркелуі керек.