5 часов назад

Атырау МӨЗ туралы деректі фильм мен кітаптың тұсауы кесілді

Атырау мұнай өңдеу зауытының ( «АМӨЗ» ЖШС) 80 жылдығына арналған мерекелік шаралар легі жалғасуда. 

3 қыркүйекте кәсіпорын ардагерлеріне экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар өндіріс алаңдарын аралап, зауыттың бүгінгі тынысы, жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат алды.

 «АМӨЗ» ЖШС Бас директоры Қуаныш Бишімов  ардагерлерді мерейтоймен құттықтап, кәсіпорынның бүгінгі жетістіктерінде олардың еселі еңбегі мен тәжірибесінің айрықша үлесі бар екенін атап өтті. 

Кейін қонақтар зауыттың жаңартылған мұражайымен танысты. Олар өздерінің жүріп өткен еңбек жылдарын еске алып, кәсіпорын дамуының әр кезеңінен сыр шертетін экспонаттарды тамашалады.

Мерекелік шара ABK Hall банкет залында жалғасты. Мұнда мерейтойға орай арнайы дайындалған «Даңқ жолы. Таспадағы тарих» деректі фильмі мен «Данқ жолы. Суреттер сөйлейді» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жасанды интеллект қолдана отырып жасалған фильмде Қазақстандағы алғашқы мұнай өңдеу зауытының Ұлы Отан соғысы жылдарында құрылуы, кеңестік кезең тұсындағы дамуы, тәуелсіздік жылдарында модернизациядан өтіп, заманауи инновациялық кәсіпорынға айналуы туралы баяндалады. Фильмде ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен «АМӨЗ» ЖШС Бас директоры Куаныш Бишімовтің және зауыт ардагерлері мен салада салмақты орна бар сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің  эксклюзивті сұхбаттары көрсетілді. Олар зауыттың елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қосатын үлесі, Қазақстан экономикасындағы стратегиялық рөлі мен болашақ даму перспективалары туралы пікірлерімен бөлісті. Бұрын жарияланбаған тарихи суреттер ЖИ арқылы қайта өңделіп, көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар, алтын қордан құнды бейне кадрлар да қолданылды. 

Қазақ, орыс және ағылшын тілінде 1 000 данамен жарық көрген жаңа кітап зауыттың өткенін саралап, бүгініне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Кітапта беймәлім фактілер архивтік құжаттармен жан-жақты зерделенген. Әсіресе, зауыт құрылысына атсалысқан қазақстандықтар жайлы кеңінен жазылады. Әрі өндірістің бел ортасында аянбай еңбек еткен жұмысшылар, соның ішінде қайсар қыздар туралы да ақпараттар топтастырылған.

Жаңа кітап энциклопедиялық сипатта емес. Мұнда мәтін ықшам әрі мазмұнды. Өндіріс тынысын тереңірек сезіну үшін зауыттың ардагерлері мен білікті мамандарынан, серіктестерінен алынған сұхбаттардың маңызды тұстары жарияланған. Негізгі екпін — фотоматериалдарға түсірілген. Кітаптың 80 пайызы бұрын еш жерде жарияланбаған сирек суреттерден тұрады. Бұл материалдар Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Алматыдағы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінен арнайы алынды. Сонымен қатар, әр жылдары зауытты жаңғыртуға атсалысқан мамандардан материалдар жинақталды. Құнды деректер мен сирек кездесетін суреттердің бір бөлігі — зауыт ардагерлерінің отбасылық архивінен шықты.

 «Бұл тек естелік материалдар ғана емес, зауытымыздың шынайы тарихы, бірнеше буын еңбеккерлердің маңдай тері, адал қызметі мен шеберлігінің көрінісі. Біз үшін тарихты қастерлеу ғана емес, оны келешек ұрпаққа жеткізу, еңбекке құрмет, саланың дамуына жауапкершілікті арттыру маңызды. Бүгінгі іс-шара зауыттың құрылып, одан әрі дамуына үлес қосқан әр адамға көрсеткен құрметіміз. Барлық ардагерлерге, қызметкерлерге және жобалардың авторларына алғыс айтамын. Зауыт тарихы бізді жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенемін», — деді Қуаныш Бишімов.

АМӨЗ-де 16 жылдан астам еңбек еткен Эрик Югай ардагерлер атынан құттықтау cөз сөйлеп, кәсіпорын басшылығына алғыс білдірді.

«Зауытқа 1972 жылы жұмысқа келдім. Ол кезде мұнда өмірлік және кәсіби тәжірибелері мол, соғысты бастан өткерген азаматтар еңбек етті. Маған жоғары білікті мамандармен иық тіресіп жұмыс істеу бақыты бұйырды. Қазір АМӨЗ елдегі ең заманауи әрі технологиялық тұрғыдан дамыған кәсіпорындардың бірі. Жаңа буын зауыттықтарға біздің ісімізді табысты жалғастырып, саланың және елдің игілігі үшін аянбай еңбек етуді тілеймін»,- деді зауыт ардагері.

Мерекелік шара өңірге танымал әртістердің концерттік бағдарламасымен аяқталды. Жиналған ардагерлерге 80 жылдыққа орай дайындалған естелік сыйлықтар табысталды.

 

«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі