19 часов назад

Атыраулық оқушы халықаралық олимпиадада ІІ орын иеленді

Жарыс Болгарияның Шумен қаласында ұйымдастырылды. Қазақстандық оқушылар информатикадан білім сайысында бақ сынады.

Оқу-ағарту министрлігінің фотосы

Жаңа оқу жылы жағымды жаңалықпен басталды. Қазақстандық оқушылар информатикадан өткен халықаралық олимпиада екінші, үшінші орын қанжығалады. Жас өрендердің жетістігін оқу-ағарту министрлігі сүйіншіледі.

Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, Болгарияның Шумен қаласында IX еуропалық жасөспірімдер информатика олимпиадасы ұйымдастырылған. EJOI-2025 байқауында 24 елден 100 астам жас бағдарламашы бақ сынапты.  Барлығы 52 медаль сарапқа салынған.

Білім додасының нәтижесінде Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицейінің тоғызыншы сынып оқушысы Әбілмансұр Құрмет күміс медальді қанжығалады. Ал, қола медальді Көкшетау қаласының «Білім-Инновация» лицейінің тоғызыншы сынып оқушысы Нұрәлі Шаймерден, Өскемен қаласының «Білім-Инновация» лицейінің тоғызыншы сынып оқушысы Саят Юсупов, Көкшетау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің тоғызыншы сынып оқушысы Дінмұхаммед Мұғжан иеленді.

Оқушыларды халықаралық бағдарлау олимпиадасына тәжірибелі тәлімгерлер дайындапты. Соның бірі - Әлімжан Аманов. Ол- PhD, Қазақ-Британ техникалық университетінің ассистент-профессоры. Және республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, спорттық бағдарламалау чемпионы Батыр Сардарбеков жас өрендердің білімін шыңдаған.

Оқу-ағарту министрлігінің фотосы

Қазақстанда жасанды интеллект жол сапасын бақылайды