«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту»: Атырауда 15 медициналық нысанның құрылысы аяқталды
Медициналық мекемелер ауыл тұрғындарының саулығын жақсартуға арналған.
Атырау облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алты фельдшерлік-акушерлік пункт және бір дәрігерлік амбулатория мен 11 медициналық пункт салу жоспарланған,- деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
2023 жылы екі медициналық пункт және бір ФАП пайдалануға берілді.Өткен жылдың желтоқсанында Индер ауданының Есбол ауылына дәрігерлік амбулатория, Исатай ауданы Жасқайрат ауылына және Құрманғазы ауданындағы Азғыр, Жасталап, Батырбек, Қоңыртерек, Афанасьева ауылдарына медициналық пункт, сондай-ақ Кудряшов пен Арна ауылына ФАП салынды. Қазір Құрманғазы ауданының Жалғызапан, Жамбыл және Әліпова ауылындағы нысандарды теңгерімге беру жұмыстары жүргізілуде.
- Ұлттық жоба аясында жоспарланған 18 нысанның 15-і толық аяқталды. Қалған үш нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылындағы ФАП 85% дайын ал, Қызылқоға ауданындағы Жамансор және Жантерек ауылдарындағы медициналық пункттердің құрылысы 50%-ға орындалды, - деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайнов.