16 августа в 11:00

Қазақстанда 25 млрд теңгеден астам айналымы бар есірткі дүкендері анықталды

Қыруар қаржы айналымы бар есірткі сататын 50 дүкен анықталған.

БҚО ПД фотосы

Қазақстанда айналымы 25 миллиард теңгені құрайтын 50 накрошоп анықталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Барлық алыс-беріс туралы ақпарат ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура қызметкерлеріне беріліпті. Бір мезгілде онлайн дүкендер арқылы 40 мыңға жуық адам есірткі сатып алғаны анықталған.

— Алдын алу мақсатында қаржы реттеушілерімен бірлесіп дроп карталарды танудың тиімді тетігі жолға қойылды. Нәтижесінде 20 мыңнан астам карта бұғатталды. Банктер сегіз мың клиентпен іскерлік қатынастарын үзді. Есірткіден түскен екі миллиард теңгеден астам қаражат шоттарда тоқтатылды, — дейді қаржылық мониторинг агентігінің ресми өкілі Ержан Тайжан.

Ел аумағында есірткі саудасына қатысы бар үш мыңнан астам крипто әмиян анықталыпты. Соның нәтижесінде 11,5 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат бұғатталды. Есірткіден түскен кірісті заңдастыруға да пайдаланылған 130 заңсыз криптоайырбастау орны жойылды. қазіргі таңда 64 қылмыстық іс қозғалған. ТМД елдеріндегі елуден астам жергілікті дүкен мен 20 ірі жеткізушінің қызметі тоқтатылды.

 — Соңғы бір жарым жылда есірткінің заңсыз айналымына қатысты 225 дерек анықталды, 118 келіден астам есірткі және психотроптық зат (оның ішінде 4,5 кг синтетикалық есірткі), 217 мың дана күшті әсер ететін препарат (тыйым салынған «анаболикалық стероидтар») тәркіленді, — дейді Ержан Тайжан.

  Жыл басынан бері халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жеткізілетін төрт арна жабылыпты.