16 сентября 2016

Батысқазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 4 жасқа ұлғайған

Өңірде кардиохуриргиялық қызметтің жолға қойылғаны жүрегі сырқат жандардың дертіне дауа болды. Бұл сала батысқазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығына да әсер етеді. Бүгінде көрсеткіш - 73 жасты құрайды. Ал бұл дегеніңіз, медицинаның Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табысының бір айғағы.  Бұрын Ләйләнің жұдырықтай жүрегі әлсін-әлсін сыр беретін. Бірақ ол бұлқыныстарға мән бермепті. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан инфаркт соғып, ауруханаға түсіп, 5 күн бұрын жүрегіне ота жасалған. -  Осында кардиологиялық орталыққа «Жедел жәрдеммен» экстренно келіп түстім. Дәрігерлер бәрі жақсы. Ота жасалды. Бәрі сәтті өтті, - дейді қала тұрғыны Ләйлә ҚАЙСАҒАЛИЕВА Отыз сегіз жасар келіншек дәрігерлердің өз жүрегін қайта соқтырғанына риза. Ал ақ желеңділер инфаркттың жасарып бара жатқанын айтып, дабыл қағады. - Инфаркт жасарып барады. Бізге жас науқастар көп келіп жатыр. Олардың саны күннен-күнге өсуде. Мәселен, 38 жасар Қайсағалиева миокард инфаркты диагнозымен келіп түсті. Бұл оның жасы үшін өте ерте диагноз. Кардиологиялық орталықта оның қантамырларына диагностикалық зерттеу жүргізіліп, ота жасалды. Қазір жағдайы жақсарды. Біз оның тезірек жазылып, қалыпты өмірге оралатынына сенеміз, - дейді кардиохирург-дәрігер Арман БАЙДЕУОВ. Бұрын жергілікте жерде жүрекке ота жасату арман болатын. Ал қазір кардиологиялық орталықта жылына жүздеген бірегей хирургиялық көмек көрсетіледі. Бұл заманауи жабдықтармен, білікті мамандармен қамтамасыз етудің арқасында мүмкін болды. - Біз жылына тек ашық жүректе 150 ота жасаймыз. Және жыл сайын өсіп келеді. Тек биыл 180 ота жасадық. Ашық жүректе. Операциялардың бұдан басқа да түрлері бар. Бұрын жүрегі ауыратын облыс тұрғындары емделу үшін Астана, Алматы асып, шетелге шығатын еді. Қазір бізде барлық жағдай бар. Облыста кардиохуриргиялық қызмет жақсы жолға қойылған, - дейді кардиохирург-дәрігер Арман БАЙДЕУОВ. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім әр кезде алдыңғы орында болатын. Қазір дерттің алдын алу, диагностикалық зерттеудің көмегімен бұл көрсеткіш жақсарып келеді дейді мамандар. Мәселен, Тәуелсіздік алған тұста батысқазақстандықтардыңөмір сүру ұзақтығы 68 жас болса, күні бүгінге дейін бұл деңгей 4 жасқа ұлғайып, 72,13-ті құраған. Қол жеткен табысқа тоқмейілсімей, саланы бұдан әрі дамыту үшін өңірде инфекциялық емес аурулардың жол картасы жасалыпты. Бағдарлама бойынша 5 бағыттың бірі – инфаркттың алдын алу. Бұл бастама Ләйлә секілді жандардың жұдырықтай жүрегінің дүрсілін тоқтатпай, жасын ұлғайтуға сеп болмақ. Арман Курманалиев