4 часа назад

Биыл 38 дәрігер Бөрлі ауданына қоныс аударған

Ауданда дәрігерлер қызметтік баспана мен көтерме ақымен қамтылған.

Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Қазақстандықтардың ұзақ әрі сапалы өмір сүру үшін медициналық көмектің қолжетімді болуы маңызды. Әсіресе, шалғай орналасқан ауылдық ағайынның мәселесі майшаммен қаралуы тиіс. Осы міндетті орындау үшін жергілікті атқамінерлер барын салуда. 

Мәселен, биыл Бөрлі ауданына 38 дәрігер қоныс аударыпты. Ақ халатты жандарға қызметті баспана мен көтерме ақы төленген. Аудан әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылы 18 дәрігер, өткен жылы 17 дәрігер еңбек етуге барған. 

Осыған қарамастан ауданда төрт дәрігер жетіспейді. Бөрліге екі жалпы тәжірибелі дәрігер, фтизиатр мен оториноларинголог қажет. Аудан әкімдігі қазан айында бес ақ халатты жанның қызметке кірісетінін хабарлады. Олар аудандық ауруханаға еңбек етпек. Күзден бастап екі кардиолог, невропатолог, дерматовенеролог, фтизиатр қызмет етеді деп жоспарлануда. 

Ауыл тұрғындарының ғұмыр жасын ұзартып, сапалы қызмет алу үшін медициналық құрал-жабдықпен жабдықталған мекеме керек. Бөрлі ауданы әкімдігінің келтірген мәліметіне сүйенсек, бір емхана, бір аурухана, төрт дәрігерлік амбулатория, алты фельдшерлік-акушерлік пункт, 13 медициналық пункт бар.

—  «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № 962 қаулысына сәйкес аудан бойынша соңғы үш жылда жеті медициналық нысан салынды. Соңғы үш жылда Аралтал дәрігерлік амбулаториясы салынды. Ол Ақсай қаласының Аралтал шағын ауданында орналасқан. Мекеме 5000 дейін тұрғынға көмек көрсетеді. Ақбұлақ ауылында фельдшерлік - акушерлік пункті орналасқан. Ол 1500 дейін көмек көрсете алады. 3. Қарағанды ауылында фельдшерлік - акушерлік пункті 1500 тұрғынды жәрдемдеседі. Ақсу ауылдық округіне қарасты Жаңақоныс пен Ақсу, Қарақұдық, Бумакөл ауылдық округіне Облавка ауылында жаңа медициналық мекеме бой түзеді. 2027 жылға дейін Пучачев дәрігерлік амбулаториясы мен Кеңтүбек фельдшерлік-акушерлік пунктіне кешенді күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр, — делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің ресми жауабында.

Бөрлі ауданы әкімдігі соңғы үш жылда салынған медициналық мекемелер құрылыс басқармасы тапсырыс бергенін хабарлады. Жеті мекеменің құрылысы үшін республикалық бюджеттен 1352,0 миллион теңге қаражат бөлініпті.

Бөрлі ауданы әкімдігі жаңа медициналық нысандардың салынуы ауыл тұрғындарының медициналық көмекті тұтынуын уақытылы, сапалы және қолжетімді ете түсті деп хабарлады.

— Аралтал дәрігерлік амбулаториясы бұрын медициналық пункт болды. Қазіргі таңда жаңа медициналық нысан арқасында жергілікті тұрғындар дәрігердің көмегін тұрғылықты мекенжайы бойынша алады. Сонымен қатар нысанның салынуы бұрын ауданға келіп алу керек болған күндізгі стационар көмегін ауыл тұрғындары өз аумағында алуына ықпал етті. Қазіргі  таңда барлық ауылдық елді мекендер дәрігерлермен толықтай қамтамасыз етілді. Ауылдық елді мекендер саны- 20. Ал ауылдық учаскелер саны - жеті. Яғни бір участокте 2000 жуық халық саны тіркелген, сондықтан бір-біріне жақын орналасқан ауыл аймақтар бір учаскеге біріктіріліп, оған қызмет көрсетуге бір жалпы тәжірибе дәрігері бекітілді. Бүгінгі күні ауылдық елді мекендерде қызмет көрсететін дәрігерлер саны – сегіз, — делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің ресми жауабында.

Сапалы медициналық қызметті алу үшін дәрігердің біліктігін арттыру маңызды. Бөрлі ауданында жұмыс істейтін мамандар біліктілігін арттырып, тәжірибесін шыңдауда.

— Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі алқасының шешімін іске асыру мақсатында «М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» базасында «Медициналық санитариялық алғашқы көмекті көрсету мамандарының біліктілігін арттыру» іс-шарасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес үш жылға дейінгі жұмыс өтілі бар жалпы тәжірибе дәрігерінің төртеуі 2024 жылы біліктілігін арттыру курсынан өтті. Оқыту үш жыл ішінде 12 модуль бойынша 2024- 2026 жылға жоспарланған. Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледж базасында – алты орта медицина қызметкері оқыту курсынан өтеді. Сонымен қатар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің келісім шарты бойынша үш резиденттеріне клиникалықтәлімгер тағайындалып, ауданымызда қызмет етуде. И.К.Ахунбаев атындағы Қырғыз ГМА-мен жасалған шартқа сәйкес, бір резидент клиникалық тәлімгерімен жұмыс атқаруда, — деп ақпарат таратты Бөрлі ауданының әкімдігі.

Бұқараның салауатты өмір салтын ұстанып, саулығын күту үшін түрлі дертті уақытында анықтау маңызды. Елімізде бірнеше жылдан бері скрининг бағдарламасы іске қосылған-ды. Ауданда жыл сайын скринингтік тексерулер жүргізіледі. Тексеру кезінде сырқат анықталған науқастарға диспансерлік ем-дом тағайындалып, емдеу шаралары жүргізіліп, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады. уданда медицина саласының дамып, жоқ жітікті түгендеуде өңірі өндіріс ошағын КПО б.в. компаниясы да атсалысуда.

— КПО б.в. компаниясының тапсырысы бойынша Бөрлі аудандық ауруханасында шұғыл көмек көрсетуді жаңғырту жобасы 2019-2023 жылдың сәуір айына дейін жұмыс атқарды. Жоба барысында шұғыл қызмет көрсету үшін заманауи триаж система бойынша жұмыс атқаруға арналған қабылдау бөлімін негізгі ғимаратқа жапсаржай ретінде салды. Қабылдау бөліміне КПОб.в. компаниясымен компьютерлік томограф аппараты орнатылды. Соның көмегімен халыққа шұғыл көмек көрсету деңгейі арта түсті. Сонымен қатар 63 бірлік медициналық құрал-жабдықтармен қамтамыз етті. Атап айтсақ: эндоскоп жиынтығы: ФГДС, колонофиброскоп, бронхофиброскоп жиынтығы қажетті шығыс материалдарымен, видеопроцессор, видеобронхоскоп, видеогастроскоп, видеоколоноскоп және дәрі-дәрмектермен (наркозға арналған), инфекциялық бақылау заттары, — делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің жауабында.

Ал, өткен жылы КПО б.в. компаниясының қолдаумен Бөрліде аудандық аурухананың босану бөлімінде «UMC» КҚ Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының мамандары 13 дәрігер мен 28 орта буын медицина қызметкерін оқып, білімін шыңдады.