6 часов назад

БҚО-да қайтарымсыз грант үшін 147 млн теңге бөлінді

Өңірде қайтарымсыз гранттар қабылдау науқаны 20 қазанда аяқталды.

Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Биыл Ақжайық өңірінде қайтарымсыз грантты қаржыландыру үшін 147 миллион сегіз мың теңге бөлінді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы хабарлады. Мемлекеттік демеуге әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, "Бір ауыл – бір өнім" бағдарламасының финалистері, шағын және орта кәсіп иелері қатыса алады. Олар құжаттарды қазанның 14 мен 20 аралығында тапсырды. Құжаттар арнайы kezekte.kz порталында қабылданды. Арнайы құрылған комиссия грантқа иек артқан қатысушылардың жобасын қарайды.

—  Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді қараған кезде бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант беру мүмкіндігі/мүмкін еместігі туралы шешімді мынадай өлшемшарттар:

  • Бизнес-идеялардың әлеуметтік бағдарлану дәрежесі/"Бір ауыл – бір өнім" бағдарламасының өңірлік өнімі рейтингі;
  • Бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі (нарық сұранысының пысықталуы – маркетингтік талдау);
  • Бизнес-жобаның қолданысқа енгізуге әзірлігі (өндірісті ұйымдастыру мәселесінің пысықталуы, жобаны орналастыру үшін үй-жайдың, өткізу нарығының болуы, өндірісті іске қосу үшін жобаның әзірлік деңгейі) негізінде қабылдайды. 

Бұл ретте бизнес-идеялардың әлеуметтік бағдарлану дәрежесі өлшемшартына жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін, кірістерді арттыруға бағытталған және халықтың әлеуметтік осал топтарына өзге де шаралар көрсететін, инклюзия, экологиялылық, қызметтер көрсету, жұмыстарды орындау, жаңа немесе жетілдірілген технологияларды қолдану көзделген әлеуметтік қолдау саласындағы жобалар кіреді, — деп хабарлады облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы.

Комиссиядан сүрінбей өткен бизнес идеяларды қолдау үшін әрбір кәсіпкерге бес миллион теңге қаражат берілмек. 

Өңірде қайтарымсыз гранттардың арқасында 200 астам жоба жүзеге асыпты. Сала мамандары мемлекеттік демеу қаражатты бөгде мақсатта жұмағандар соңғы үш жылда тіркелмегенін атап өтті.

2023 жылы 33 қайтарымсыз грант беріліпті. Бұл үшін қазынадан 137 миллион теңгеден астам ақша бөлінді. Өткен жылы бизнес идеяларды жүзеге асыру мақсатында 142 миллион теңге жоспарланыпты. Алайда гранттың ақшасын техникалық ақауларға байланысты мемлекетке кері қайтарылған.

— 2024 жылы гранттық қаржыландыруға 142 миллион  теңге бөлінді. Алайда Kezekte.kz электрондық платформаға қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу арқылы анықталған жеткізушілердің платформаға техникалық қол жетімділігінің болмауына қаражат бюджетке кері қайтарылды, — деп хабарлады облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы.