8 часов назад

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге деп салынған үйлердің қабырғасы жарылып, шатырынан су кетіп жатыр

Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылының тұрғындары бірнеше айдан бері үй салған компанияларға кепілдік мерзімі аясында жөндеу жұмыстарын жасата алмай әлек.

Медет Медресовтың фотосы

2024 жылы болған су тасқыны өңір тұрғындарын біраз әбірге салды. Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылында қызыл судан зардап шеккендерге деп 100-ден астам баспана салынды. Алайда садақа жасап, қоныс тойын тойлап үлгерген жандардың қуанышы ұзаққа бармады. Жаңа қоныста қыстап шыққан жанның бірі — Қосаман Берді.

Қосаман Берді, Подстепное ауылының тұрғыны.

Ол осы ауылда 25 жылдан бері өмір сүреді. Оның үйі 2011 мен 2024 жылы суға кеткен. Ертеректе, құжаттары дұрыс болмай, өтемақыдан тағылыпты. Өткен жылы қызыл судан зардап шеккен азамат комиссия шешімімен өз учаскесінде жаңа баспанасы бой көтерді. Үйдің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған. Қазанның аяғында кейіпкеріміз қонысына қоныстанған. Бір қыс қыстап шыққасын, баспананың кем-кетігі анықталыпты. Қазіргі таңда үйдің іргетасында орналасқан төсеніштері опырып түскен.  

 — Қыста шатырға қар жиналды. Әр жерден су кетті. Сырттағы септиктің асты опырылып құлады, құйған отмоскілері шыдамады. Жылыту бөлмесінде төбеден су кетті. Туалет-ванна жақтағы төбедегі натежной кергіштер шығып кетті. Азын-шоғын жарықтар бар.  Сырттағы тоғымызда тартылған жоқ. Линия тартылғанымен трансформатор болмағасын әлі күнге дейін ескі бағанамен тұр.  Линия апатты жағдайда. Ағат бағана шіріп құлауы мүмкін. Құлаған жағдай болды. Мына- ортадағы бағанамыз құлады. Онда 109-ға хабарласып, өздері келіп, тұрғызып, жөндеп берді. Қатты жел болса, апатты бағанамыз құлауы мүмкін. Тоқ соғады деп қорқамыз, — деді Подстепный ауылының тұрғыны Қосаман Берді.

Қосаман Бердінің көршісі Каким  Досқалиев те су тасқынынан зардап шегіп, жаңа баспанасында қыстап шықты. Бұл үйдің де кем-кемігі аз емес. Терезе көгеріп, жарлары жарылып жатыр. Қыста шатырдан су ағыпты. Досқалиевтер жанұясы 2010 жылы Подстепныйға Талдыапан ауылынан көшіп келіпті. Бұрынғы баспанасы өткен жылғы қызыл судан тұруға жарамсыз деп танылған.

— 80 квадрат метр салып беріп жатыр. Оған да шүкір. Үй жылы болғанымен жаман деп айта алмаймын. Бірақ септиктің айналысында су шығып жатыр. Шатырдан аққан су қыста светтің түбінен сарылдады.  Мына жерде судың жолақтары бар.  Ақтап қойдық. Соның өзінде сарғайып тұр. Жар жарылып жатыр. Жатын бөлмесі мен үлкен жақтың перегородкасы жарылды.Еден мынау түсіп жатыр. Бұны не істейді? Ертең бұзатын болса, қопарып, қиындау болады. Біздер мында жеті ай тұрдық. Су тасқыны кезінде екі ай баланың үйінде күнелттік.  Бес ай сарайда өмір сүрдім. Үйдің жағдайы осы. Ремонт керек. Салқын түскенше, жөндеп берсе екен, — дейді Подстепный ауылының тұрғыны Каким Досқалиев.

Подстепный ауылының тұрғындары жаңа баспаналарының мәселесін атқамінерлерге айтып, біраз уақыт бойы шағымданыпты. Күні кеше ғана тұрғындармен Теректі ауданының әкімінің орынбасары Дархан Әбдірашитов бастаған бір топ шенеунік пен мердігер компанияның өкілдері жүздесіпті. Аудан әкімі Әлия Мұханбетжановаға хабарласып, мән-жайды сұрадық. Әкім жағдайдың бақылауды екенін жеткізді.

— Кеше әкімдік қызметкерлері тұрғындармен кездесті. Мердігер компаниялар жұмыстануда. Кепілдік мерзімі екі жыл. Мердігер компанияның қызметкерлері үйлерді аралап жүр. Сәуірден бастады. Кімде септиктің құмы түсіп кетті, соны көтерді. Үйлер жаңа ғой. Жұмыстанып жатыр. Бақылауда. Мердігерлерге бір ай уақыт берілді. Егер бір айда жұмыс істемесе, сотқа береміз. Кейбір мердігер компанияның басқа қалада құрылыс көлемі болғандықтан, жаңа келіп жатыр. Жаңа келіп, аралайды, — дейді Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова.

Теректі ауданы әкімінің сөзіне сенсек, Подстепный ауылында сегіз мердігер компания 105 баспана салды. Мердігер компаниялар  бір айдың көлемінде тұрғын үйлердегі кем-кетікті жөндейді-міс. Ауыл тұрғындары маусымға дейін баспанамызды жөндемесе, сотқа жүгінеміз деп бекініп отыр.