6 часов назад

БҚО шетелдік инвестиция тартудан үштікке енді

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында шетелдік инвестиция көлемі 1093 млн АҚШ долларын құрапты.

БҚО әкімдігінің фотосы

Батыс Қазақстан облысы шетелдік инвестиция тарту бойынша үздік үштікке енді. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында шетелдік инвестиция көлемі 1093 миллион АҚШ долларын құрапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге артқан. Осы көрсеткіштердің арқасында қаржы салу бойынша Ақжайық өлкесі Алматы мен Астана қалаларынан кейін үшінші орынға табан тірепті.

—  Президент тапсырмасына сәйкес, бұл бағытта Батыс Қазақстан облысында да жүйелі әрі нақты жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Облыс аумағында инвестиция салуға ниетті кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, Қытай Халық Республикасы мен Чехия мемлекетінің ірі компанияларымен өзара ынтымақтастық орнату мақсатында нақты келіссөздер жүргізіліп, бірқатар инвестициялық келісімшарттарға қол қойылуда. Бұл- өңірдің халықаралық деңгейде сенімді серіктес ретінде танылып келе жатқанын көрсетеді,—  делінген Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің хабарламасында.

Шетелдік инвестиция тарту бұл өңір экономикасының өсімін қамтамасыз етіп, жаңа өндіріс ошағының ашылуы мен жұмыс орындарының көбеюіне септігін тигізеді.

БҚО әкімдігінің фотосы