БҚО-да ең қымбат шөп 13 мың теңгеден саудалануда
Жәнібек ауданының тұрғындары бір рулон шөпті 13 мың теңгеден сатып алуда
Қазіргі таңда шаруалар төрт түліктің азығын қамдам жатыр. Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, өңірде бір миллион, 222 мың мал бас қыстаққа кірмек.
Төрт түлікті азықпен қамту үшін екі миллион, 318 мың тонна шөп, 276 мың тонна жем, сонымен қатар мал азығы ретінде 14 мың тонна сүрлем, сегіз мың тонна пішендеме дайындау жоспарланыпты. Сала мамандары өткен жылдан қалған 422 мың тонна шөп қалғанын айтады.
— 2025 жылдың 23 қыркүйектегі жедел ақпаратқа сүйенсек, 5,2 миллион гектар шабындық шабылды. Облыстағы орташа өнімділігі 3,3 ц/г құрап, 1740,2 мың тонна мал азығы әзірленді. Бұл жоспардың 76 пайызы болып отыр. Қалдық шөппен қоса есептегенде барлығы 2194,5 мың тонна шөп даярланды. Бұл жалпы қажеттіліктің 94 пайызын құрады, — дейді Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Еракаев.
Өткен тамыз айында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин Жәнібек пен Казталов ауданындамал азығын дайындауда қарқыны төмен, — деп баға берген-ді. Сала мамандары қазір қос ауданға шөп тасымалдау ісі жалғасуда, — деп сендірді.
Төрт түліктің алтай қыстан аман шығуы үшін жеткілікті азық қажет. Жыл сайын шөп орамдарының бағасы көпті алаңдатып келеді. Биыл ең қымбат шөп Жәнібек ауданында саудаланып жатыр. Бір рулон шөптің бағасы 13 мың теңге тұрады.
Тасымалдауға байланысты баға да қымбаттапты. Ал, Казталовта баға сәл арзандау екен. Шаруаларға бір рулон шөп үшін 9-11 мың теңгедей қаражатты санап беруіне тура келеді. Ал, мұнда екпе шөптердің құны 12 мың теңге құрайды. Сала мамандары мал азығын тасымалдау ісі қымбат екенін мәлімдеді. Облыста ең арзан шөп Шыңғырлау мен Қаратөбе ауданында тіркеліпті. Мұнда өзіңіз тасымалдап алсаңыз, рулонды 3400-3500 теңгеден сатып алуға болады екен. Тек шөпті тасымалдауды шаруалар өздері ұйымдастырады.
— Бөкей Ордасында шөп қиындау деп айтады. Бірақ Жәнібекке шөп Бөкей Ордасы, Тасқала, Казталов, Ақжайықтан тасымалданып жатыр. Жәнібек ауданында өткен жылғы шөппен қоса есептегенде мал азығын дайындау 78 пайызды құрап отыр. Ауданда 142 мың тонна шөп дайындалды. Жалпы Жәнібек ауданында 181 мың тонна шөп дайындау қажеттілігі бар. Бүгінге дейін осы ауданға 14 мың тонна шөп тасымалданды. Ал, Казталовқа 18 мың тонна шөп тасымалданып үлгерді. Тек ғана бір Жәнібекке күн сайын 30 арнайы көлік жүреді. Өзге аудандарды айтатын болсақ, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Шыңғырлау, Бәйтерек, Теректіде шөп жинау аяқтала келді. Олар жоспарды асыра орындауға кірісті, — деді Мейрамбек Еракаев.
Шаруалардан бөлек, қорасында төрт түлігін өсіріп отырған тұрғандар үшін орман шаруашылығының мамандары шөп шауып, оны бір рулонын бес мың теңгеден саудалап жатыр.
Қазіргі таңда өңірде мал азығымен уақытында қамту ісі өзекті. Өткен жылдары қыс ұзап, оңтүстік аудандар біраз қиындық көргені есімізде. Соңғы үш жылда Бөкей Ордасы, Жәнібек пен Казталов қуаңшылықтың кесірінен шөптің шығымы көңілді көншітпейді. Осы орайда облыста төрт түлікті жем-шөппен қаму үшін облыстық штаб құрылды. Күні бүгінге дейін оның төрт отырысы өтіпті. Осындай штаб әрбір ауданда құрылған.