БҚО-да өндірісте 2 адам қаза тапты
БҚО-да өндірісте болған жазатайым оқиғадан 8 адам зардап шекті. Оның екеуі қаза тапты.
Батыс Қазақстан облысында өндірістегі жазатайым оқиғадан сегіз адам зардап шегіп, екі жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы облыстық еңбек инспекциясы хабарлады. Жалпы өңірде өндірісте 12 жазатайым оқиға тіркеліпті. Сала мамандары алты жағдайда арнайы тексеріс жүргізіпті. Олар алты істі құқық қорғау органдарына жолдаған.
Облыстық еңбек инспекциясының мамандары жазатайым жағдайлардың алдын алу үшін бірқатар жұмыстар атқарылғанын жіпке тізді. Аймақта 183 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізіпті. Алты өндіріс ошағы еңбек жағдайы бойынша аттестаттаудан өтті.
587 басшы мен маман оқу орталықтарында еңбекті қорғау және қауіпсіздік бойынша білімдерін тексеруден өтті. Өңірдің кәсіпорындарында 488 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Олардың міндеттеріне өндірістік жарақаттанудың алдын алу, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайына тексеру жүргізуді ұйымдастыру кіреді. Бүгінде «Vision Zero» тұжырымдамасын қолдау мақсатында облыстың 89 ұйымы ресми сайтта «Компания» ретінде тіркелді. Аймақта 11 кәсіпорынға «Халықтық бақылау» жобасы енгізіліпті.
2025 жылы облыстық еңбек инспекциясына 327 арыз келіп түскен. Шағымдардың басым көпшілігі жеке тұлғалардан. Сала мамандары арыз-шағымдар жалақы мен өзге төлемдерді уақытылы төлемеу, жұмыстан босату, тәртіптік жазаларды қолданғанға көңілі толмаған жұмысшылар шағымданған. Келіп түскен арыз-шағымның нәтижесінде түрлі кәсіпорын мен жеке компанияларда 32 тексеріс жүргізілген.
Тексерістің нәтижесінде 33 заң бұзушылық анықталыпты. Заң бұзушылықты жою үшін 23 нұсқама берілген. Заң талаптарын бұзған 12 тұлға 1,4 миллион теңге айыппұл арқалаған. Ал, өткен жылы еңбек заңнамасын бұзған 49 жұмыс берушіге 8,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, 39 нұсқама берілген.
Сала мамандарының келтірген мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы мемлекеттік органдар мен әлеуметтік әріптестіктің арқасында тоғыз мыңға жуық қызметкердің құқығы қорғалып, 48 кәсіпорында 993,283 миллион теңгеге жалақы берешегі өндірілген. Биыл 2 465 жұмысшының құқығы қорғалып, 11 өндіріс ошағында 352,676 миллион теңгені құрайтын еңбекақы берешегі өтелді.