БҚО-да Подстепное ауылының тұрғындары жол салуды сұрайды

Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылының тұрғындары 3 көшеге жол салуды сұрайды

Медет Медресовтың суреті

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылының тұрғындары жол салуда сұрайды. Ауылдық округтің Халиф Алтай, Әйтеке би, Жұбан Молдағалиев пен Азаттық көшесінде он шақты жылдан бері жолдың жоқтығынан адамдар зардап шегіп отыр. Тұрғындар көктем мен күзде балшықтың кесірінен бірнеше күндеп көшеге шыға алмайтынын мәлімдеді. Былтыр көктемде аталған көшелерді су басыпты. Подстепныйлықтар су жиналған уақта үйдегі кәріз жүйесі істен шығып, құдықтан тіршілік нәрін тұтыну мүмкін емес екенін айтады.

— Біздер - Подстепный ауылының тұрғынымыз. Халифа Алтай, Азаттық, Әйтеке би көшелерінің қиылысы, аэропорт жақтың шетінде орналасқан. Біздер он жылдан бері сол жерде тұрамыз. Жұбан Молдағалиев проектіде бар деп уәде етті. Екі жыл бұрын «Е» порталға бәріне іліп көрдік. Былтыр суға кеттік. Су тоқтап қалады. Себебі күз бен көктемде құдық пен септик суға кетеді. Су баспанамыздың іргесінен келіп тұрады. Жол жоқ. Соның кесірінен кәріз құдығын соратын көлік аулаға кіре алмайды. Жедел жәрдем келмейді. Такси де келмейді. Көктем мен күзде 20 күннен оқушылар сабаққа бара алмайды. Жүру мүмкін емес. Су тіпті резеңкі етіктен өтіп кетеді. Үш көшеде тұратын 30 шақты үйдің жағдайы нашар. Біздер дым жағдай жоқ жерде тұрып жатырмыз. Біздер жол сұраймыз. Суға кетпес үшін астына тұрба жүргізіп, ережесімен сәйкес қылып, қысқа-қысқа үш көшеге жолды жасап беруін сұраймыз, -дейді Подстепное ауылдық округінің тұрғыны Гауһар Әжкеева.

Ауыл тұрғындары жолсыздың кесірінен балшықтың кесірінен қатынассыз қалып, көлік жүрмейтініне шағымданады. Жолдың жоқтығынан шаршаған қарашамен аудан мен ауыл әкімі, жауапты басқарма мамандары кездесті. Подстепныйлықтардың мәселесін ауданы әкімі Әлия Мұханбетжановадан сұрадық. Әкім биыл аталмыш көшелерге жол салынбайтынын кесіп айтты.

— Біздер Подстепный ауылында орналасқан Жұбан Молдағалиев, Шапағат, Игілік пен Бауыржан Момышұлы көшелерін қамтитын жоба әзірлейміз. Әуелі жобалық-сметалық құжаттарын жасау қажет. Егер барлығы әзір болса, 2026 жылға ақша сұраймыз. Қазіргі таңда аудан бойынша жол салу бойынша 12 жобамыз әзір тұр. Басқа көшелерге жол құжат жасап жатырмыз. Оларды орындау үшін қаражат керек.Тұрғындармен кездестік. Оларға биыл жол салынбайтынын айттым. Ескі асфальт төсеп беруді сұрайды. Ол жолды «Қазавтожол» тапсырыс берді. Құжаттарында ескі асфальттің беткі қабаты жолдың шетіне арналған деп көрсетілген екен. Аталған көшелерге асфальт төсеу үшін жұмыстанамыз, - дейді Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова.

Подстепный ауылында 70-тен астам көше бар екен. Әлия Биғазықызы: «2023 жылы қызметке кіріскенде Подстепныйда үш көшенің жолы асфальтталған болды. Өткен жылы алты көшенің жолын жөндедік. Биыл аталмыш ауылдық округте «Жайлы мектеп» орналасқан «Болашақ» пен ПДП 3/2 көшелерінің жолын салдық , - деп хабарлады.