БҚО оқушылары республикалық сайыста топ жарды
Батысқазақстандық оқушылар Қызылорда өткен республикалық сайыста үздік нәтиже көрсетті.
Қызылорда қаласында сәуірдің 14 мен 18-і күндері 9–11 (12) сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті.
— Батысқазақстандық өрендер Қазақстан тарихы мен Құқық негіздері пәні бойынша бақ сынады. Сайысқа сегіз оқушы қатысты. Оның бесеуі үздіктердің қатарынан табылды, - деп облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Республикалық олимпиада құқық негіздері пәнінен алтын медальді оралдық Ильнара Базарбай иеленді. Ол Дінмұхамед Қонаев атындағы №44 мектептің оныншы сыныбында оқиды. Сондай-ақ, Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Шұғыла Мүтиғолла да құқық пәні бойынша үздік нәтиже көрсетіп, алтын медальді қанжығалады.
Қазақстан тарихы пәні бойынша Абай атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 10 сынып оқушысы Орынбек Казиханов ІІ орынға тұрақтады.
Ал, үздік үштікті Алуа Асхат пен Анастасия Золотарь түйіндеді. Оқушылар Қазақстан тарихы пәнінен білімдерін сынады.