8 часов назад

ІІМ есірткі қылмысын анонимді хабарлай алатын телефондар тізімін жариялады

Әрбір өңірдің тұрғындары ұялы телефонға қоңырау шалып, қылмыс туралы хабарласа алады.

Фото Polisia.kz сайтынан жүктелді

Ішкі істер министрлігі әрбір тұрғын есірткі қылмысы туралы жасырын хабарлай алатын телефондар тізімін жариялады. Қылмыс туралы хабар берген әрбір адамның аты-жөні аталмайды екен. Батыс Қазақстан облысы бойынша тұрғындар 8-700-399-01-02 нөміріне хабарласа алады. Тәртіп сақшылары заң бұзушылыққа бей-жай қарамай, заң бұзушылық туралы бірден хабар беруге үндейді.

— ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті есірткі қылмыстарын, әсіресе кәмелетке толмағандарды тарту жағдайларын анықтау, жолын кесу және алдын алу бағытында бар күш-жігерін салып жұмыс жүргізуде. Алайда бұл мәселені тек құқық қорғау органдарының күшімен шешу мүмкін емес. Сіздерді бейжай қалмауға шақырамыз. Балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударыңыздар. Заңсыз сату бойынша күдік тудыратын интернет-ресурстарға, граффити мен кодтары бар жарнамаларға мән беріңіздер. Біз әр өңір бойынша кері байланыс үшін телефон нөмірлерін қалдырамыз. Сіз маңызды ақпаратты анонимді және қауіпсіз түрде хабарлай аласыз. Бұл қылмыстың алдын алып, біреудің өмірін құтқаруға көмектесуі мүмкін, - дейді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.

Еліміздің заң талаптарына сәйкес есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.