11 часов назад

Маңғыстаулық оқушы Азия-Тынық мұхитының ең үздік лингвисі атанды

Рамазан Бутантаев олимпиаданың жеңімпазы атанды.

Маңғыстау облысы білім басқармасының фотосы

Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасы — APLO-2025 байқауы аяқталды. Оған Қытай, Австралия, Гонконг, Жапония, Малайзия, Иран, Корея, Сингапур, Таиланд сияқты АТА елдерінен бес жүзге жуық дарынды оқушы бақ сынады. Халықаралық жарыстың қорытындысы бойынша маңғыстаулық Рамазан Бутантаев жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды. Бұл туралы Маңғыстау облысының білім басқармасы хабарлады. Рамазан аймақтың ең мықты қатысушыларын басып озып, алтын медаль иеленді.

Байқау қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы лингвистикалық олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті. Нәтижесінде қазақстандық оқушылар бес медаль және үш құрмет грамотасын иеленді.

Анықтама үшін: Asia Pacific Linguistics Olympiad (APLO) — жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық лингвистикалық олимпиада. Бұл олимпиада логикалық ойлау, тілдік түйсігі мен мәдениетаралық құзыреттілікті дамытуға бағытталған және Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға (IOL) қатысуға жол ашады. APLO — оқушыларға халықаралық деңгейде өздерін сынап көруге және академиялық ортада таныла түсуге үлкен мүмкіндік береді.