Қоғамдық орында аяғын жуған азамат көпшіліктің ашуына тиді
Осы оқиғаға байланысты Қазақстан діни мұсылмандар басқармасы ресми жауап берді.
Әлеуметтік желіде қоғамдық орында аяғын жуған азаматтың бейнежазбасы тарап, қоғамда резонанс тудырды. Тараған видеода азамат сайда үйлерінің бірінде орналасқан әжетханада аяғын жуып, ол ісіне қысылмайтынын, тіпті екінші адамнан «аяғым бес есе таза», деп жауап береді. Бейнежазбаға байланысты азаматтардың пікірі алуан. Осы іске байланысты Қазақстан діни мұсылмандар басқармасы жауап берді.
— Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы сенушілерді қоршаған ортамызды құрметтеуге, діни рәсімдерді орындау кезінде ерекше ұқыптылық танытуға және тазалықты сақтауға шақырады. Дәрет алу арнайы бөлінген жерлерде, оның ішінде намазханалардың жанында ғана орындалуы тиіс. Мұндай тәсіл айналадағы адамдарға деген құрметті көрсетеді және мұсылмандардың жоғары мәдениеттілігін сақтауға көмектеседі, — делінген Қазақстан діни мұсылмандар басқармасының хабарламасында.
ҚДМБ ойын-сауық орталықтарының басшыларына намазханалары бар ғимараттарда арнайы дәрет алу құрылғыларын орнатуды қарастыруға үндеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін автобус пен қоғамдық орында намаз оқыған жандардың бейнежазбасы тарап, қоғам талқылаған еді. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысының наиб имамы бұл іске байланысты пікірін білдірген еді.