14 июня 2017
Облыста «Нұрлы жол» бойынша 9 жоба жүзеге асуда
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2015-19 жылдары өңірде инфрақұрылымды жаңғырту мен кәсіпкерлікті қолдауға қомақты қаржы бөлінді.
Қаражатты толық игеру, әрі жоспарлы жобаларды іске асыру облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң әсер етпек.
«Нұрлы жол» бағдарламасы өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Солардың қатарында инфрақұрылым саласы да бар. Өйткені облыста тозығы жеткен су, жылу, жарық желілері мен тас жолдар жетіп артылады. Бұл бағытта 9 жоба жүзеге асуда. Оның басым бөлігі ауызсумен қамту жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Бұл үшін республикалық қазынадан 2,5 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары қазір Ақжайық, Бөрлі, Зеленов және Сырым аудандарында жүргізілуде. БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрбану САТЫБАЛДИЕВАНЫҢ сөзінше:
- Ақжайық ауданында Атамекен, Базаршолан, Қабыршақты ауылдары, Зеленов ауданында Көшім, Щапов ауылдары, Сырым ауданында Қоңыр ауылы және Бөрлі ауданында Бөрлі мен Александровка ауылдарына ауыз су құбырлары тартылып, қалпына келтіріледі. Сонымен қатар жылу желілері бойынша Ақсай қаласында бір жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.