02 октября 2017

Орал қаласында ғалымдар арасында конференция өтті

Иванов оқуларының ширек ғасырдан астам тарихы бар. Ғалымдардың басын қосатын дәстүрлі жиында қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелері талқыланып, өңірдің биоалуан түрлілігін сақтаудың маңыздылығы айтылады. Бұл жолы да өңірдің экологиясына қатысты түрлі баяндама оқылып, талқыға түсті. - Ғалымдар, унивеситеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, магистранттар, студенттер қатысып отыр. Иванов оқуларына қызығушылық артып келеді. Конференцияда Орал өңірінің экологиялық, биологиялық ахуалы туралы ғылыми жұмыстар сарапталып, алынған мәліметтер бойынша біз ұсыныстар береміз дейді, - БҚМУ Жаратылыстану-география кафедрасының деканы Гүлжаһан Қайсағалиева. Всеволод Иванов солтүстік Каспий маңының табиғатын зерттеуге арналған 100-ден астам экспедицияға қатысып, 300-ге тарта ғылыми жұмыстар мен монографиялар жазды. Ғалымның аймақтың өсімдіктер және жануарлар әлемі, топырақ құрамы турасындағы ғылыми жұмыстары бүгін де маңызын жойған емес. Сондай ақ ол Қарашығанақ кеніші аумағында табиғи және техногендік факторлардың қоршаған ортаға әсері, топырақ құнарлылылығын қалпына келтіру жолдары туралы да зерттеді. Жарты ғасырда ғалым жүздеген шәкірт тәрбиелеп өсірді. Солардың бірі Виктор Фомин, Ивановтың еңбектерін өз жұмысында әлі күнге пайдаланатынын айтады. - Мен Ивановтың шәкіртімін. Оның дәрістеріне қатысып, лекцияларын тыңдадым. Сондықтан өз қызметімде ол қалдырған ғылыми мұраны кеңінен пайдаланамын. Өйткені ол ерек тұлға, даламыздың табиғатын тереңінен зерттеген жан. Оның еңбектері балалар туризмі үшін де маңызды дейді, - БҚО Балалар, жасөспірімдер туризмі орталығының директоры Виктор Фомин. Конференцияда сондай ақ облыстың экологиялық мәселелері талқыланып, табиғи резерват жобасы, жаратылыстану ғылымдарын оқытудағы әдістемелік тәсілдер талданды. 1933-1984 жылдары Орал педагогикалық институтында (қазіргі БҚМУ) жемісті еңбек еткен В.В.Ивановтың басшылығымен жиырмадан астам ғалым түлеп ұшты. Олардың есімі алыс, жақын шетелдерге де белгілі болды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойғы ғылыми және ұстаздық қызметінде В.Иванов 300-дей ғылыми жұмыс, бірнеше монография жариялады. Ғалым, әсіресе, Солтүстік Каспий төңірегіндегі табиғатты зерттеуге көп үлес қосты. Арман КУРМАНАЛИЕВ