12 сентября 2019
Оралда қоғамдық көлік ақысы дифференциялық жолмен төленуі мүмкін
Сараланған жолмен жолақы төлеу жүйесі биылғы жылдың аяғында енгізілуі тиіс.
Бұл дегеніміз жолаушылар екі түрлі бағамен жолақы төлей алады деген сөз. Егер қолма қол ақшамен төлесеңіз белгіленген жолақыны, яғни 80 теңге төлейсіз. Ал жолақыны электронды картамен төлеген кезде арзанырақ баға болады деп күтілуде. Қоғамдық көліктерге осы жүйені енгізу үшін арнайы комиссия құрылыпты. Бұл осыған дейін пилоттық түрде тәжірибеден өткен электронды жолақы төлемі аясында қолданысқа енбек. Қазір кемшін тұстар толықтырылып, дифференциялау жолдары қарастырылуда. Осы мақсатта комиссияның алғашқы отырысы да өтіпті.
-«Бұрынғы пилоттық тәжірибе үшін жасалған жұмыста біраз мәселелер туындады. Келісімдегідей жүзеге аспады. Қазір жолаушы көлігі бөлімімен жұмыс жүргізілуде. Біз жобаны Қазақстан бойынша Ақтөбе, Алматы, Нұрсұлтан қалаларында енгізген өзге компаниялармен кездестік. Олар өз ұсыныстарын айтуда. Жолаушы тасымалдаушылармен де келісудеміз»,-дейді Орал қалалық жолаушы көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Айдар Менеев.
Екі жыл бұрын қолданысқа енген электронды төлем қазір тоқтап қалды. Круглозерный, Серебряковтың тұрғындарын қалаға тасымалдайтын №51 маршрут та осы жобамен сынақтан өткен-тұғын. Бұдан өзге қала ішінде жолаушы тасымалдайтын 4 маршрутта аталмыш жүйе енгізілді. Жыл аяғына дейін электронды төлем жүйесін барлық автобуста пайдалану көзделуде. Сол кезде жолақыны дифференциялық жолмен төлейтін әдіс қолданысқа енбек. Яғни электронды төлеммен жолақы төлеген адам ұтады. Ал қолма қол жолақының құны одан қымбатырақ болатын көрінеді. Аталмыш бастама цифрландыру аясында атқарылатын жұмыстардың бірі болып отыр. Жалпы жолақы құны қымбаттамайды дейді мамандар.
Арман КУРМАНАЛИЕВ
Мы дорожим каждым нашим подписчиком и читателем, поэтому, пожалуйста, внимательно ознакомьтесь с рекомендациями при комментировании.