04 марта в 06:00

Оралда қос мектеп жөндеуден кейін есігін айқара ашты

Орал қаласында Сәкен мен №17 мектеп жөндеу көріп, пайдалануға берілді. Қос білім ошағы КПО б.в. компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобалалары аясында іске асты.

Автордың фотосы

Өткен жылы БҚО-да бірнеше мектеп жөндеу көрді. Соның бірі - Орал қаласы, Хиуаз Доспанова көшесінің бойында орналасқан №17 мектеп. Оқу ордасы 1966 жылы салынып, 1967 жылы пайдалануға берілген. Содан бері мектеп күрделі жөндеу көрмеген.

– Ашылғалы бері тарихта күрделі жөндеу көрмеген мектеп. Бәрі де біледі. Қаланың ортасында тұр. Қазір аралас тілде қазақша да орысша да оқытамыз. Балалардың жалпы саны 1700. Оларға 125 мұғалім сабақ береді. Қазіргі таңда  спортзал, асханамыз жаңартылды. Әрбір мектепте бар робототехника кабинеті ашылды. Күрделі жөндеу бізге мол мүмкіншіліктерді беріп  жатыр, - дейді №17 мектептің директоры Марат Зайнулиев.

Жөндеу жұмыстары өткен жылдың 15 шілдесінде  басталып, 2025 жылдың ақпанында аяқталды. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап, наурызға дейін  оқушылар №19,21, және 45 мектепте білім алды.

- Мектеп ескі болғандықтан сынып арасындағы жарларда жарық көп болды. Солар жобалық сметалық құжатта (ПСД - автор түсініктемесі) болмады. Мердігер компания жоспарда жарларды ауыстыру жұмыстары болмағасын, оларда қосып қосымша техникалық есеп істетті. Сондықтан жөндеудің уақыты созылып кетті. Негізі қаңтардың 15 бітуі керек еді. Қосымша уақыт сұрап, шегерді. Бүкіл сыныпты бөліп тұрған жарларды  дұрыстап, жаңадан  істеп берді. Жобаның құны 890 миллион теңгені құрайды. Қосымша жұмыс ақысына  30 миллион  теңге қосылды. Жөндеу КПО б.в. компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобалары аясында жасалды. Жөндеуді мердігер «Наурыз» құрылыс компаниясы орындады. Кепілдік мерзімі 3 жыл, - дейді Марат Зайнулиев.

Жөндеуге дейін білім ордасы салқын болыпты. Ескі терезелерді жыл сайын желімдеп, скочтармен жамап келген. Қатты жел болса, ғимараттың іші салқындап, спортзалда ұстаздар күртемен сабақ беріпті.

Оқушылар мен педагогтер мектептің жөндеу жұмыстарын асыға күткені жасырын емес. Жөндеу барысында ғимараттың шатыры жаңартылып, электр желілері, едені мен есік-терезесін ауыстырылып, жарларын жаңалапты. Жергілікті бюджет есебінен білім ошағы жаңа жиһаздармен толықты. Ал, спорт алаңдарын жабдықтау мен абаттандыру жұмыстары балалар каникулға кеткен шақта жасалмақ. Мектептегі оқу процесі 3 наурызда басталды.

Сондай-ақ, Орал қаласында  100 жылдық тарихы бар дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамамандандырылған мектеп-лицей-интернаты да жөндеуден соң пайдалануға берілді.