25 июля 2018
Оралда «сақалды» құрылыс өзге мердігердің қолына табысталды
Әңгіме Сарытау шағын ауданындағы тоқтап тұрған мектеп құрылысы жөнінде. Енді жұмыс бастаған кәсіпорынның міндетін дұрыс орындамауына байланысты келісім шарт бұзылып, істі өзге мердігер жалғастыратын болды.
Осыған дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын "Св-плюс" ЖШС мойнына алған еді. Қазір кәсіпорын жауапсыз мердігер деп танылып отыр. Айта кетейік, компания директоры ұлттық экономиканың экс министрі Қуандық Бишимбаевтің ісін қарау кезінде айыптылардың бірі ретінде жауапқа тартылған болатын. Сот үкіміне сай Сәбит Утебалиев 85 млн. теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Негізі мектеп былтыр желтоқсан айында қолданысқа берілуі тиіс еді. Мектеп құрылысына 1,8 млрд теңге бағытталуы тиіс болатын. Алайда 2016-жылы басталған жоба біраз уақыт қаңтарылып тұрды. Жұмыстың тоқтауы "СВ плюс" компаниясының директоры Қуандық Бишимбаевтің ісіне қатысы бар деген күдікпен тергеу нысанасына ілігіп, айыпталумен тұспа-тұс келді. Бүгінде «сақалды» құрылысқа айналып үлгірген нысанды тезірек қолданысқа берудің қамы жасалып жатыр.
-«Берілген тапсырманы «СВ плюс» компаниясы уақытында орындамады. Сол себепті арадағы келісім шарт бұзылды. Мамыр айында байқау жарияланып, оны «Жиенбай ЖШС ұтып алды. Нысан басында 60 адам жұмыс жасауда. Абаттандыру, ішкі жұмыстары, тас төсеніш төсеу қалып отыр. Және техникалық қажеттіліктер, компьютерлер, парталар, мектеп жиһаздары мен өзге құрал-жабдықтар алынатын болады. Тамыз айының соңына дейін мектепті тапсыру көзделуде»,-дейді БҚО құрыоыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаев.
Осы жауапкершілік артылған "Жиенбай" ЖШС-нің жұмысқа кіріскеніне 1 айдай болған. Аяқсыз қалған құрылыста желдеткіштің ашық қалуы нөсер кезінде су кетуге әкеліп соқтырыпты. Өзгенің бастаған ісін орта жолдан жалғастыру үшін біраз тер төгуге тура келетін түрі бар.
-«Кемшіліктер өте көп. Барлығын жою үшін біраз күш жұмсайтын боламыз. Есік-терезелер дұрыс орнатылмаған. Спорт зал мен мәжіліс залдарында да шикілік көп»,-дейді мердігер кәсіпорын бас инженері Боранбай Мерғалиев.
Жаңа мердігер кәсіпорынға енді бұрынғы атқарылған жұмыстың барлық олқылықтарының орнын толтырып, жобаны игеріп, аяқтау тапсырылып отыр.
Арман КУРМАНАЛИЕВ