13 октября 2017
Оралдық ардагерлер аға буын жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосуда
Облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтіп, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыға түсті. Өңірімізде 86 мыңнан аса зейнеткер бар. Оларды әлеуметтік қолдау тетіктері жыл өткен сайын артып келеді. Игі іс тіпті тоқырау кезінде де тоқтаған емес. Бұған қоса жүздеген кәсіпорын қарияларды қошеметтеуге арналған түрлі шараларға ұдайы демеушілік көрсетуде. Ал ауыл-аймақта оларға «Жас Отан» мен жастар ұйымдарының мүшелері қолғабыс қылуда.
- Аға буынды қалдау әрқашан мемлекет назарында. Мәселен зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20 пайызға артып отыр. Сонымен қатар 2017 жылдың бірінші қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш және ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты барлық жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер 7 пайызға өсті дейді, - облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.
Соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне мемлекеттік жәрдемақымен қатар жергілікті жерде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Коммуналдық шығындарын өтеу мәселесі де қарастырылған. Бұл үшін өткен 8 айда облыстық бюджеттен 71 млн. теңге қаржы бөлінді. Сондай ақ бөгде адамдардың қызметіне мұқтаж 3058 жалғыз басты қариялар мен 1, 2 топтағы мүгедектер арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылды. 304 ардагер шипажайға жолдама алып, денсаулығын түзеуге мүмкіндік алды.
- Үкімет жан-жақты қамқорлық танытып отыр. Тым-тәуір зейнетақымыз бар. Елімізде тұрақтылық пен тыныштық орнаған. Осының өзі қарияларды қуанышқа бөлейді дейді, - зейнеткер Мұфтахим Шымбаев.
Қариясы бардың қазынасы бар. Бүгінде аға буын өкілдері ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесін ұрпақ тәрбиесінде кеңінен пайдалануда. Бұл бағыттағы тағылымды іс, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндестік тауып отыр.
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жастарды тәрбилеуге, ұлттық салт-дәстүрімзді жаңғыртуға аса мән берілген. Бұл міндетті іске асыруда аға буынның алар орны ерекше. Ардагерлер кеңесінің қызметі де осы бағытта өрбуде. Бағдарламалық мақала шыққалы бері түрлі тағылымды шараларға ұйытқы болдық. Әлі де жалғасады. Бастысы қариялар қоғам өміріне белсене атсалысып, дамуына үлес қосуда дейді, - БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов.
Кеңесте өңірдің өркендеуі үшін үлес қосқан аға буын өкілдеріне алғыс хаттар табысталды. Әрине зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген қариялар да құрметтен қалыс қалмады.