15 августа 2018

Оралдың Солтүстік-Шығыс бөлігінде 27 көп қабатты тұрғын үй салынады

Көп қабатты тұрғын үйлер «7-20-25» бағдарламасы бойынша бой көтеріп, жаңа аудан пайда болғалы тұр. Аталмыш аудандағы жұмыспен БҚО әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгінов барып танысты. Бүгінгі күні ауданда жеті үйдің іргетасы құйылып жатыр. -«Облыс орталығындағы халық саны жыл санап артып келеді. Елбасымыздың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде айтылған «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бой көтере бастаған шағынауданда бірнеше көп қабатты тұрғын үй салынады. Бүгінде барлық инфрақұрылымы тартылып, екі көп қабатты үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ бұл ауданнан мектеп, балабақша, аурухана, спорт кешендері секілді әлеуметтік нысандар бой көтеріп, абаттандыру жұмыстары жүргізетін боламыз. Ал қаланың батыс жағында Ақжайық шағынауданына «Нұрлы жол» бағдарламасымен инженерлік желілер тартылуда. Ақжайық ауданының жалпы көлемі 450 гектарды құраса, қаланың Солтүстік-Шығыс бөлігіндегі жаңа ауданның көлемі 180 гектар болады. Қос шағынауданның құрылысы толықтай аяқталған уақытта 70 мың тұрғын баспанамен қамтылады»,-дейді БҚО әкіміАлтай Көлгінов. Салынып жатырған екі үйдің құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге қарастырылған. Екі үй де келісі жылы дайын болады деп күтіліп отыр. -«Құрылыс қарқыны артып жатыр. Барлығы 55 адам еңбекке тартылуда. Жұмысқа кедергі болатын фактор жоқ. Қажетті құрылыс материалдарға жергілікті өнімдерді пайдаланудамыз. Ал жетіспейтіндерді көршілес Ресей мемлекетінен тасымалдаймыз. Құрлысқа қосымша аббаттандыру шаралары да атқарылатын болады»,-дейді нысан басшысы Александр Стасюкевич. Биыл орташа есеппен 3,6 мың адам баспаналы болады деп күтілуде. Бүгінгі таңда Орал қаласында 19 мың, облыс бойынша 22 мың тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл баспана сұранысының жоғары екенінің дәлелі. Қажеттіліктерді мемлекеттік бағдарламалар арқылы және мемлекеттік-жеке әріптестіктің күшімен қамтамасыз етуге билік бекініп отыр. «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының бастапқы жарнасының төмендеуі-тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сұранысқа сай құрылыс та жоғары қарқынға ие болмақ дейді билік өкілдері. Арман КУРМАНАЛИЕВ