Президент Ақжайық жастарына алғыс айтты
Жерлесіміз мемлекет басшысынан марапат алды.
2025 жылдың сәуір айында Елордада өткен “Таза Қазақстан” экологиялық фестивалі аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экологиялық бастамаларына белсенді қатысып, табиғатты қорғау мен тазалық мәдениетін дамытуға үлес қосқан жастарды арнайы марапаттады. Марапатталғандар қатарында Батыс Қазақстан облысының Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ибраев та бар, деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Президент өз сөзінде табиғатты қорғау ісінің маңыздылығына тоқталып, ерікті жастардың еңбегін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы тазалықты сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру — бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Аңсар Ибраев марапаттау рәсімінен кейінгі әсерімен бөлісіп:
— Бүгінгі Мемлекет басшысының қатысуымен өткен фестиваль бізге үлкен мотивация берді. Біз басқа аймақтарда атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, алдағы уақытта осындай игі жобаларды өзіміздің өңірде де жүзеге асыруға ниеттіміз, — деп атап өтті.
Президенттің Алғыс хаты еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық белсенді жастар үшін жаңа серпін мен жауапкершілік жүгін арттыра түсті. Бұл марапат олардың алдағы бастамаларына күш пен сенім берері сөзсіз.