10 часов назад

Ақтөбе облысында 23 ауыл көгілдір отынмен қамтылмақ

2025 жылы Ақтөбе облысында 23 ауылға газ қосылмақ.

Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Биыл Ақтөбе облысында он мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның шарапатын көрмек. Сала мамандарының хабарлауы бойынша 2025 жылы өңірде 23 ауыл газға қосылады деп жоспарланған. Осы міндетті орындау үшін  құны 9,1 миллиард теңгені құрайтын ауыспалы 14 жоба аяқталмақ. 

Ақтөбе облысының әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, бүгінгі таңда аймақта 319 елді мекеннің 53,9% көгілдір отынмен қамтылған. Сонымен қатар «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы аясында Мұғалжар ауданына қарасты Қожасай ауылын газдандыру аяқталады. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша газбен қамту 196 ауылға (61,4%) ұлғаймақ. 

Бұған қоса,өңірде сегіз жаңа жоба бойынша 4,7 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім беріліпті. Оларды өткізген жағдайда 206 елді мекенде өмір сүретін 900 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізбек.

— Ақтөбеде магистральдық газ құбырының үшінші желісінің құрылысын аяқтау маңызды кезең болды, бұл өткізу қабілетін сағатына 526,5 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Газ құбырын қалалық әкімдіктің балансына беру үшін құжаттар дайындалды, - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев.

Облыс әкімі газдандыру мәселесіне тоқталып, 2025 жылы жоспарланған жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.