Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық мектептерде буллингке қарсы бағдарлама іске қосылады
Бағдарлама 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілмек.
Балалардың мектепте буллингке ұшырап, әлімжеттік көруі күн тәртібінен түспейтін сауал. Осы мәселені шешу үшін Қазақстанның тоғыз өңірінде «ДосболLIKE» бағдарламасы сынақтан өтті. Жаңашылдық оқу ордаларының қабырғасында буллингті азайтып, педагогтерді оқыту мен ата-аналармен жұмысты күшейтуге бағытталған. Жаңа бағдарлама 50 мектепте сынақтан өтіпті. Оған 70 мың оқушы мен 5,5 мыңнан астам педагог қатысты деп оқу-ағарту министрлігі хабарлайды.
Бағдарламаны жүзеге асыру бірнеше кезеңнен тұрыпты. Әуелі қазіргі ахуалды диагностикалау, мектепішілік буллингтің алдын алуға арналған жүйе құрылыпты. Кейін педагогтерді оқытып, ата-аналармен жұмыс жолға қойылған. Әрбір мектеп диагностиканың нәтижелеріне сүйене отырып, оқушылар, ұстаздар мен ата-аналардың қатысуымен буллингке ден қоюдың өз моделін жасақтапты.
Апробация қорытындысы бойынша оқушылар мен педагогтер арасында жүргізілген сауалнамалар мектеп ортасында айтарлықтай оң өзгерістер болғанын көрсетті. Атап айтқанда, 2025 жылы буллингке қатысушы агрессорлардың (буллерлердің) үлесі 2024 жылмен салыстырғанда 1,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар, өздерін жәбірленуші сезінетін оқушылардың (виктимдердің) саны 5,4%-ға азайды. Бұған қоса, сенім арта алатын, сырын бөлісе алатын ересек тәлімгері бар балалардың саны үш есе өскен.
Сынақтың қорытындысы бойынша 2025 жылы буллингке қатысушы агрессорлардың үлесі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға төмендепті. Сондай-ақ өзін жәбірленуші сезінген оқушылардың саны 5,4 пайызға азайған. Бағдарламаға қатысқан балалардың сырын ересек тәлімгерге айта алатындардың саны үш есеге артқан.
– Апробация барысында жүйелі тәсілдің және барлық тараптардың – оқушылардың, педагогтердің, ата-аналардың белсенді қатысуының тиімділігі дәлелденді. Біз тек жанжалдар санының азайғанын ғана емес, сонымен қатар мектеп қауымдастығы ішіндегі сенім мен қолдаудың артқанын көріп отырмыз. Бұл – қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастырудың басты шарты, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Еліміздің 50 білім ордасында апробациядан өткен бағдарлама жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық мектеп пен колледждерде енгізілмек. Қазіргі таңда министрлік дайындық жұмысына кірістіпті.