Жұмысынан айырылған 308 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды

Қазақстанда жұмысынан қағылғандарға мемлекеттік сақтандыру қорының есебінен әлеуметтік төлем тағайындалады.

Күні бүгінге дейін 308 мыңнан астам қазақстандыққа жұмысынан айырылғаны үшін әлеуметтік төлем тағайындалған. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, арнайы төлем 268,6 мың жанға арнайы төлем алғаш рет тағайындалыпты. Бұл мақсатта 106,8 миллиард теңге қаражат жұмсалған.

— Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты бір айдан алты айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45% дейінгі мөлшерде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражаты есебінен жүзеге асырылады,— деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

  •  ЕGov.kz порталында авторизациялану;
  • «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
  • Онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
  • Бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
  • Егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).

Осы қызметті онлайын режимде электронды еңбек биржасы (enbek.kz) алуға болады.

— Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады, — деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қызметінен айырылатын жағдайда тағайындалатын әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан жүзеге асырылады.