14 ноября 2016
Жылма-жыл шаһарда 25-30 кезбе көз жұмады
Орал қаласында белгілі бір тұрағы жоқ кезбелердің қатары көбейіп барады. Бүгінде олардың жалпы саны 300-ден асып кеткен. Тіптен одан әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді білетіндер. Кезбелердің ешқайсысы да жұмыс істемейді, жалақы алмайды, уақытылы медициналық тексерістерден де өтпейді. Күйсіз тірліктің кесірінен жыл сайын олардың 10-нан 1-і көз жұмады екен. Соған қарамастан қатарлары 10 пайызға өсіп отыратын көрінеді.
Сәуле Беймұратова 14 жылдан бері кезбеліктің ығына жығылған. Қарызы үшін үйін тартып алғаннан кейін, осындай күйге түсіпті. Қырықтың қырқасына шыққан әйелдің негізгі тірлігі - қайыр сұрау. Тапқан таянғанын тамақ пен ішімдікке жұмсайды.
- Шөлмек болса шөлмек тапсырасың. Әңгіме жоқ, ящик қарайсың, темір тапсырасың, бірдеңе тауып аласың, - дейді ол.
Гүлжәуар Нұфтағалиева соңғы айлары белгілі тұрағы жоқ жандар түнейтін орынды мекен етеді. Жұбайы көз жұмғанда, ішкі күйзелісін ішімдікпен емдемек болған. Алайда бұл әдеті алысқа апармады. Ата-аналық құқығынан айрылды, төрт баласы сырт айналды.
- Бәрі де арақтың кесірінен, - дейді кезбе Гүлжәуар Нұфтағалиева. - Баратын жер жоқ, балдар өздерімен правый, левый, уже заграница оқуларын бітіріп келіп, Алматыда жұмыс жасайды қыздарым. Іздейтін адам жоқ.
Орал қаласында тұрағы жоқ қаңғыбастар түнейтін жалғыз орын бар. Бірақ оның өзі тек 25 адамды қабылдауға лайықталған. Сондықтан қыс қаһарына мінгенде, мұнда қонуға келетіндер саны екі-үш есеге артады. Ал оларды бейімдеп, оңалтумен айналысатын облыстағы екі мекеме, кезбелердің тек үштен бірін қамтуға қауқарлы. Қалғандары қоқыс қопарып, қара жерді төсек етеді.
- 108 адам қызмет алды. Осылардың 23 адамға жеке бастарын куәландыратын құжаты қалпына келтірілді. Үш адам қарттар мен мүгедектерге арналған орталыққа орналастырылды, - дейді әлеуметтік мәселелер жөніндегі маман АРАЙЛЫМ ШЫНТЕМІРОВА.
Аталған қауым арасында өлім-жітім көрсеткіші жоғары. Статистикаға сай жылма жыл шаһарда 25-30 кезбе көз жұмады екен.
- Аязда қатып қалады, сапасыз ішімдікке уланады. Осы екі өлім түрі, қаңғыбастар арасында жиі кездеседі. Біздегі әр полиция бөлімінде арнайы альбом бар. Онда әрбір кезбенің аты-жөні, жасы, кімдермен араласып, қай орынды пана ететіні де жазылған. Бұл олардың жағдайын тексеріп отыру үшін керек, - дейді БҚО ішкі істер департаментінің бөлім бастығы РУСЛАН ҒАЛИЕВ.
Қаңғыбастар арасында дені сауы жоқ. Бұл да өлімнің артуына себеп. Әзірге оларға көрсетіліп отырған жартымды көмек, бір уақыт ыстық тамақпен қамту. Анда-санда еріктілердің жылы киімдер үлестіретіні бар. Әзірге қоғамда кезбелерге қамқорлықтан гөрі, немқұрайлық басым сияқты.
Арман Курманалиев