Ақтөбе облысында құрылыста 40-тан астам құқық бұзушылық тіркелген

Ақтөбелік құрылысшылар 16 млн теңгедей айыппұл төлеген.

Фото "ЖИ" көмегімен жасалды

Ақтөбе облысында құрылысшылар құқық бұзғаны үшін 16 миллион теңге айыппұл арқалапты. Бұл туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтан Аманчин мәлімдеді. Басшының сөзіне сенсек, басқарма 18 жоспардан тыс тексеріс жүргізіпті. Соның нәтижесінде 40-тан астам құқық бұзушылықты анықтаған.

-— Нұсқама негізінде тиісті кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылданған. Сонымен қатар, заңсыз салынған құрылыс нысандарына қатысты сотқа талап-арыздар жолдануда. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы «Көктем» тұрғын алабында рұқсатсыз салынған 18 пәтерлі үйді бұзу туралы іс – сот қарауында, - дейді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтан Аманчин.

Өңірде Хромтау, Алға, Мұғалжар, Темір, Ырғыз бен Ойылда құрылыс сапасын бақылау мақсатында өзге де мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс сапары ұйымдастырылыпты. Облыс орталығының келбетін жақсарту үшін тәртіп сақшыларымен бірлесіп, құрылыс алаңдарын тексеру жүргізілуде. Биыл әкімшілік құқықбұзушылықтың кодекстің 505 және 630 бабы бойынша 50-ден астам хаттама толтырылыпты.

— Ақтөбе қаласында 2023 жылдың басында ұзақ жылдар бойы құрылысы аяқталмаған 12 нысанның оны бойынша мәселе шешілген. Оның бірі – бұрынғы автоорталық орнына сауықтыру орталығының құрылысы жүріп жатыр. Екіншісі – тұрғын үй кешені, оның тапсырыс берушісі ауыстырылып, құжаттары рәсімделу үстінде, - деді Сұлтан Аманчин.

Аймақ басшысы Асхат Шахаров құрылыстың сапасы мен заңдылығын тілге тиек етті. Ол құрылыс кезеңінде жүк көліктерінің шаһар көшелерінде ластауына жол берілмеуі тиіс деп тапсырма жүктеді.

— Құрылыс маусымы басталғалы бері бірқатар мердігер компаниялар тарапынан қаланың санитарлық жағдайына нұқсан келтіретін әрекеттер тіркелуде. Жолдарды ластау, құрылыс алаңдарын тиісті түрде қоршамау, дөңгелек жуу құрылғыларының болмауы сынды кемшіліктер жиі кездесіп отыр. Қаланың көшелерін ластауға, құрылыс алаңдарын ретсіз ұстауға жол берілмейді. Полиция департаментімен бірлесіп, мұндай заңбұзушылықтарға қарсы нақты шара қабылдау қажет. Құрылыс – бұл тек ғимарат салу ғана емес, бұл – адамдардың қауіпсіздігіне, сеніміне жауап беру. Сондықтан құрылысқа жауапты әрбір тарап бұл міндетті толық сезінуі тиіс, - дейді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

2025 жылдың алғашқы алты айында Ақтөбе облысында құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы 933 хабарлама тіркелген.