Атырауда әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері марапатталды
Атырауда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтті.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай өткізілген салтанатты жиында Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы сала ардагерлері мен қызметкерлеріне түрлі марапаттар табыстады, - деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медалімен екі, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен үш адам марапатталды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Құрмет» грамотасы бес, ал Атырау облысы әкімінің «Алғыс хаты» он жеті адамға табысталды.
Сондай-ақ 2016 жылдан бастап еңбек династиялары мен өндіріс жұмыскерлері арасында өткізілетін «Еңбек жолы» республикалық конкурсының 2025 жылғы облыстық кезеңінің үздіктері анықталды.
— Біз бір қоғамда өмір сүрген соң бір-бірімізге қол ұшын беру, адамдық пен азаматтықты таныту арқылы ғана өзімізді бақытты сезінеміз. Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және осал топ өкілдеріне сіздер жанашырлық танытып, жүректеріңіздің кеңдігімен, көңілдеріңіздің ашықтығымен олардың өмірін жақсартуға әр күні қадам жасайсыздар. Мерекелеріңіз құтты болсын! — деді Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы.
Айта кетейік, бұл мереке 2011 жылдан бері тойланып келеді.