Атыраулық оқушы халықаралық олимпиадада ІІ орын иеленді
Жарыс Болгарияның Шумен қаласында ұйымдастырылды. Қазақстандық оқушылар информатикадан білім сайысында бақ сынады.
Жаңа оқу жылы жағымды жаңалықпен басталды. Қазақстандық оқушылар информатикадан өткен халықаралық олимпиада екінші, үшінші орын қанжығалады. Жас өрендердің жетістігін оқу-ағарту министрлігі сүйіншіледі.
Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, Болгарияның Шумен қаласында IX еуропалық жасөспірімдер информатика олимпиадасы ұйымдастырылған. EJOI-2025 байқауында 24 елден 100 астам жас бағдарламашы бақ сынапты. Барлығы 52 медаль сарапқа салынған.
Білім додасының нәтижесінде Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицейінің тоғызыншы сынып оқушысы Әбілмансұр Құрмет күміс медальді қанжығалады. Ал, қола медальді Көкшетау қаласының «Білім-Инновация» лицейінің тоғызыншы сынып оқушысы Нұрәлі Шаймерден, Өскемен қаласының «Білім-Инновация» лицейінің тоғызыншы сынып оқушысы Саят Юсупов, Көкшетау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің тоғызыншы сынып оқушысы Дінмұхаммед Мұғжан иеленді.
Оқушыларды халықаралық бағдарлау олимпиадасына тәжірибелі тәлімгерлер дайындапты. Соның бірі - Әлімжан Аманов. Ол- PhD, Қазақ-Британ техникалық университетінің ассистент-профессоры. Және республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, спорттық бағдарламалау чемпионы Батыр Сардарбеков жас өрендердің білімін шыңдаған.
Оқу-ағарту министрлігінің фотосы