БҚО-да «Тәуелсіздік ұрпақтары» жастар грантына өтініш қабылдау басталды
Өңірде ғылым, мәдениет, ақпараттық технология, медиа және бизнес идеясы бар жастардың жобалаларын қолдауын демеу қаржы беріледі. Жоба үш жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді.
Батыс Қазақстан облысында өнерлі, ғылымға құштар, бизнеске идеясы мен ақпараттық технологияда икемі бар, жаңа медиа жобаларды орындағысы келетін жандар үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» жастар гранты жарияланды. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирфат Бисекенов өңірлік коммуникациялар алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Әр бағыт бойынша үздік деп танылған бес жеңімпазға жобаларды жүзеге асыру үшін бес жүз мың теңгеден қаржылай қолдау беріледі.Бұл – жастардың өз идеяларын нақты іске айналдыруына зор мүмкіндік. Конкурс екі кезеңнен тұрады.
— Бірінші кезеңде өтінімдер қабылданып, олардың ережеге сәйкестігі тексеріледі.Екінші кезеңде жобаларды арнайы құрылған конкурстық комиссия қарайды, — дейді Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирфат Бисекенов.
Қатысушылар құжаттарын жиырмасыншы тамыздан бастап, қазанның отызына дейін тапсыруы шарт. Құжат қағаз жүзінде немесе электронды пошта арқылы да тапсыруға болады екен. Ұйымдастырушылар «жобаларды бағалау барысында әділдік пен айқындық қағидалары қатаң сақталады, — деп сендірді.
— Арнайы комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның, ғалымдар мен тәжірибелі сарапшылардың өкілдері енеді. Олар жобаларды келесі өлшемдер бойынша сараптайды. Таңдалған бағытқа сәйкестік деңгейі мен мәселені нақты түсіну, ресми деректерге сүйене отырып дәлелдеу. Жобаның жаңашылдығы мен бірегейлігі. Әлеуметтік әсері, яғни қанша адам қамтылатыны және қаншалықты пайда әкелетіні. Күтілетін нәтижелердің қолжетімділігі мен шынайылығы және жоба аяқталғаннан кейін де жалғасын табу мүмкіндігі де сараланады. Шығындар сметасының негізділігі де сарапталады. Егер комиссия мүшелерінде сұрақтар туындаса, жоба иелері өз бастамаларын қосымша таныстыруға немесе қорғауға мүмкіндік алады. Бұл – әр жобаға әділ қараудың кепілі, — дейді «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жоба жетекшісі Тасболат Серікқалиев.
Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында он адам «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері атанды.
- Оралда «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды
- Мектеп формасы: баға, сапа және ата-аналардың дайындығы