22 апреля в 11:15

БҚО-да алаяқтар мұғалімнің атынан 4 банктен несие алған

Облыста алаяқтарға тапқан таянғанын санап беретіндердің саны артпаса, кемімей тұр.

"ЖИ" көмегімен жасалған фото

Батыс Қазақстан облысында интернет алаяқтығы тыйылмай тұр. Орал қаласының 51 жастағы тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп, 600 мың теңгесін аударыпты. Сондай-ақ қылмыскерлер Тасқала ауданының 54 жастағы мұғалімінің атынан төрт бірдей банктен несие рәсімдеген. Келген шығын тоғыз миллион теңгені құрайды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Алаяқтар Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен банктің қауіпсіздік қызметінің мамандарымыз деп өздерін таныстырып, азаматтарға хабарласады. Олар тұрғындардың есепшоттарын қорғаймыз деген сылтаумен, қаржысын иемденіп жатыр.

Өңірде интернет алаяқтарының арбауы түсіп, қаражатын санап беріп, атынан несие рәсімдейтін қылмыстар артпаса, кемімей тұр. Сол себепті Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері қылмыскерлерден сақ болуға шақырады. Тәртіп сақшылары ешқашан телефон арқылы банктік карта деректерін, құпия сөздер мен SMS арқылы келетін растау кодтарын үшінші тұлғаларға айтпауды сұрайды. Банк  қызметкерлері жеке деректер туралы ақпаратты телефон арқылы сұрамайды, деп ескертеді.