«5 күн бұрын жағалауға арналған құм төгіп кетіп қалды»: Оралдықтар жол салу жұмысын сынға алды

Биыл Оралда Никита Савичев көшесінің жолы жөнделмек.

Оқырман фотосы

«Мой Город» порталының редакциясына Орал қаласында орналасқан Никита Савичев көшесінің тұрғындары хабарласты. Олар көше жолының жөндеуін сынға алды. Тұрғындар: «Бес күн бұрын көшеге жағалауға арналған құм төседі. Соның кесірінен үйімізге көлікпен жете алмаймыз. Жаяу жүруге де ыңғайсыз», деп шағымданып отыр.

— Мен Савичев көшесіне 2000 жылдары көшіп келдім. Содан бері көшеміз асфальт көрмеді. Жөндеу жұмыстары басталады деп айтты. Осыдан төрт-бес күн бұрын жұмысшылар құм төсеп кетіп қалды. Содан бері жұмыс әлі басталған жоқ. Үйімізге көлікпен жете алмаймыз, батып қалады. Жаяу жүруге де ыңғайсыз. Аяғыңа құм кіреді. Жағалауға арналған құм төсеп кеткен. Ол құм жол салуға арналмаған, карьердің құмы. Үстіне қиыршық та төсемеген. Солай кетіп қалды. Адамдар шағымданып жатыр. Никита Савичев көшесі — ұзын көше. Жоба бойынша барлық жеріне асфальт төселеді екен. Бірақ кейбір бөлігіне асфальт салмаймыз деп айтады. «Елизарова» деген дүкен бар. Оның артында қуыстар бар. Соған төсемей кетіп барады,  деп шағымданды Орал қаласының тұрғыны Дархан.

Тұрғындарды толғандырған мәселені айтып, қала әкімдігіне хабарластық. Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Альберт Бекмухамбетов Никита Савичев көшесіне жол салу жұмыстары осы жылдың қазан айында толықтай аяқталатынын мәлімдеді.

— Никита Савичев көшесінде қайта жаңғырту жобасы басталды. Мұнда екі учаске бар. Оның бірі - Савичев көшесінен Есқалиев пен Исатай-Махамбет көшесін қамтиды. Екінші жоба - Савичевтен- Лермонтов-Безымянная, Крайняя-Безымянная көшелерін қамтиды. Мердігер жұмысқа кірісті. Бірінші кезекте жолдың негізі жасалады. Қазіргі таңда мердігер құм алып келіп жатыр. Кейін, жолға қиыршық тас пен асфальт төсейді. Осы учаскеде «ANT»  технологиясы қолданылады. («ANT»-тұрақтандырғыш, әр түрлі топырақ түрлеріне тұрақтандырғыш қосу және қиыршық табиғи тасты скрининг арқылы жол салу технологиясы). Мұнда коммуникация мәселесі бар. Газ құбырлары, кабельдер, электрикалық оптикалық кабельдер, байланыс, су құбырлары мен кәріз жүйесі бар. Техниканың жүруіне ағаштар кедергі келтіріп жатыр. Осы сауалдар бірден шешімін табуда. Егер бір жерде жұмыс тоқтап қалса, жолшылар коммуналды қызметті күтіп отыр. Коммуналды саланың қызметкерлері арнайы кесте бойынша жұмыс істейді. Шақырған күні келе алмауы мүмкін. Су мен газ құбырын өзге жерде ауыстыру керек болды. Сол себепті бірер күнге жұмыс тоқтап қалуы мүмкін. Тұрғындар барлығын тастап кетті, деп ойлайды. Жоқ, ешкім жұмысын тастап кеткен жоқ, — деп айтты Альберт Бекмухамбетов.

Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарынан Савичев көшесінің тұрғындарын алаңдатқан «жағалау» құмы туралы да сұрадық. Мамандар бүйдейді:

— Жол құрылысында қандай материал қолдану керектігі жобада көрсетіледі. Тұрғындар ПГС (құмды-қиыршықтасты толтырғыш) болады деп күткен болар. Жолда «ANT» болғандықтан ПГС (құмды-қиыршықтасты толтырғыш) қолданылмайды. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» барлық сынама алып тексереді. Егер бір жерде жұмыс басталса, бізден бірден орталыққа хабарласамыз. Олар сынама алып, толықтай сараптамадан өткізеді, — дейді Альберт Бекмухамбетов.

Орал қаласы тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің таратқан ақпарына сүйенсек, Никита Савичев көшесіне «Ануш-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салмақ. Бұл үшін  бюджеттен 225 миллион теңге қаражат бөлінген. Мердігер жалпы ұзындығы 1,2 шақырым жерге асфальт төсейді.

Оқырман фотосы