02 августа 2017

Облыс күндері аясында өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылады

ЭКСПО-2017 көрмесін 30 мыңнан астам батысқазақстандық тамашалаған. Облыс күндерінің аясында 10 концерттік бағдарлама, 8 қойылым және танымдық көрмелер ел назарына ұсынылуда. Бұл туралы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов мәлім етті. Брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары, әуелі, Ақжайық атырабының инвестициялық әлеуетіне тоқталды. Жыл сайын ұйымдастырылатын «УестКазИнвест», «АқжайықИнвест» секілді халықаралық форумдар шетелдік кәсіпорындардың өлкеге қызығушылығын арттырып келеді. Мәселен, финдіктер «Стеклосервис» серіктестігімен бірігіп, заманауи технология негізінде құрылыс материалдарын шығармақ. Сондай-ақ «Смарт сити» жобасының аясында да фин компаниялары қала қауіпсіздігін нығайту үшін қаржы құюға бейіл. - Жоба аясында қаланың арнайы белгіленген аудандары мен әлеуметтік нысандарда, аулалар мен жолдарға бейнебақылау камералары орнатылады. Сондай-ақ туризм саласына инвестиция тарту мақсатында заманауи қонақүй кешені құрылысын салу үшін бүгінде италиялық «Tuvia» компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Және де «ҚПО б.в» компаниясы «Орал» халықаралық əуежайын қайта жаңғырту үшін, «Еlim» əлеуметтік жобасы негізінде қалада ойын алаңдарын жөндеу, италяндық «Tuvia» компаниясымен заманауи қонақүй кешенін салу бағытында да келісімдер бар, - деді БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман ӨТЕҒҰЛОВ. Батыс Қазақстан – аграрлы аймақ. Өсімдік шаруашылығы өнікті өнім алады. Ал төрт түлігінің еті сұранысқа ие. Мәселен, жақында «Батыс Марка Ламб» серіктестігі өндірген қозы еті Иранға жіберілді. - Ақжайық ауданында орналасқан «Батыс Марка Ламб» серіктестігі Ирандағы ет өнімі бойынша ең ірі «Санайе» компаниясымен келісімшарт жасасты. Ирандық әріптестермен жасасқан келісімшарт негізінде алдағы бір жыл ішінде 1500 тонна қозы етін жеткізуіміз керек. Аптасына 3 рет жөнелту талаптарына техникалық тұрғыдан толық дайынбыз. Негізінен халықаралық нарыққа, яғни өнімінің басым бөлігін шетелге өткізуге бағытталған «Батыс Марка Ламб» бүгінде етті тұрақты түрде Ресейге жеткізіп отыр. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасымен ұзақ мерзімдік келісімшарттар жүргізілді. Мамандардың айтуынша, күздің алғашқы айларында аспанасты еліне экспорттауды бастап кету де ықтимал. Аумағы 5 гектар, толығымен автоматтандырылған өндірістік кешен өнімінің жоғары сапасына, етті өңдеп, сақтаудағы артықшылықтарына шетелдіктер зор қызығушылықтарын танытып, сұраныс көбейіп отыр. ЭКСПО-2017 аясындағы шілденің 31-і күні басталған облыс күндерінде бір апта бойына 10 концерттік бағдарлама, 8 қойылым және танымдық көрмелер ел назарына ұсынылады. Ал тамыздың 4-інде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жан-жақты, кең ауқымда таныстырылады. Сондай-ақ елордамен жүздесу күзде өтетін дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне жалғасады. - Біз жыл сайын Астанаға ауыл шаруашылығы өнімдерін алып келеміз. Былтыр қыркүйекте келдік. Биыл 18-19 тамызда өткізбекпіз жәрмеңкені. «Кублей», «Агропродукт ЛТД» секілді ірі тауар өндірушілер өз өнімін елордалықтарға тиімді бағамен ұсынатын болады, - - деді БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман ӨТЕҒҰЛОВ. Баспасөз мәслихатында күні бүгінге дейін ЭКСПО-2017 көрмесін 30 мыңнан астам батысқазақстандық тамашалағаны мәлім етілді. Сондай-ақ шетелдік туристер үшін өңірде 3 бағыт бойынша - Шалқар көлі мен Бөкей Ордасы ауданына және тарихи-өлкетану музейлеріне экскурсиялық жорықтар ұйымдастыру жоспарланған. Арман КУРМАНГАЛИЕВ