Оралда Juniorskills байқауы өтті
Оралда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар арасында сайыс ұйымдастырылды.
Орал қаласында оқушылар арасында алғаш рет Juniorskills "Шеберлікке бір қадам" атты байқау өтті. Жұмысшы мамандықтар жылына орай аталмыш сайыс ұйымдастырылды. 30-дан астам оқушы алты құзыреттілік бойынша бақ сынады. Оқушылардың жұмысын арнайы сарапшылар бақылап, бағалады.
— Кәсіби сынақ байқауы қолөнер, кесте тігу, ағаш шебері, аяқ киім, былғарымен жұмыс, киіз басу, тігін ісі бойынша өтеді. Жалпы 30 үстінде бала қатысуда. Биылғы сынақ жылдағыға қарағанда қатысатын мектептердің саны мен оқушылардың көптігімен ерекшеленеді. Бүгін алты құзыреттілік бойынша балалар кешкі сағат төртке шейін өздерінің байқауын өткізіп, бұларды арнайы дайындалған сарапшылар бар соларды бағалап, қорытындысын ертең түстен кейін шығаратын болады. Бұған дейін осы мектептің ішінде болды. Өзіміздің оқушылар сынға түсті. Биылдан бастап, басқа мектептер көру қабілеті, есту қабілеті сосын №13 мектептегі арнайы сыныптың оқушылары келіп қатысып жатыр. Іс-шараның басты мақсаты- оқушыларды мектеп жасынан бастап кәсіби білім алуға, еңбеккерлікке, мамандықтың қыр-сырын үйренуге баулитын байқау. Бұл ерікті түрде өтеді. Әркім өзінің қабілеті бойынша бақ сынайтын болады, — деді Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы кешен «мектеп-интернат-колледж» директоры Арыстанбек Ғұбаш.
Juniorskilis байқауы екі күнге жоспарланыпты. Сайыстың жеңімпаздары қазанда өтетін республикалық байқауға қатысып, өңір намысын қорғайды.