16 декабря 2017
Оралда күрделі жөндеуден өткен мектеп ашылды
Биыл облыс аумағында 24 білім нысанының құрылысы жүргізілді. Соның бірі - № 4 мектеп. Бастапқыда күрделі жөндеу көзделсе, ғимараттың ескілігіне байланысты нысан қайта салынды. Оның құрылысына 950 млн. теңге жұмсалды. Ұжым мен ата-аналарды құттықтаған облыс әкімі, келер жылы мектеп жанындағы жолдың жөнделетінін де атап өтті.
- Бұл оқиғаны көптен күткен болатынбыз. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасымен биыл облыс орталығында бірден төрт мектептің құрылысы жүргізілді. Биыл осы нысанды ашсақ, қалғандары келер жылы іске қосылады. Мына мектеп оқушыларды қаңтар айынан қабылдайтын болады. Мұның барлығы біздің балалар үшін жасалып отыр, - деді мектепті ашу рәсімінде облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Салтанатты рәсімнен соң өңір басшысы оқу ошағын аралады. Жаңа мектепте балалар ақпаратты мейлінше көп қабылдап, тез қорытуға мүмкіндік беретін мультимедиялық сыныптарда оқиды. Ғаламтор желісіне қосылған компьютерлерде тапсырмаларды орындайды. Бұрын арман болған үлкен спорт залы мен қажетті құрал-аспаптармен жабдықталған технология кабинеттері де оқушылардың қызығушылығын арттыра түспек. Қолөнер, робот техникасы, керамика мүсіндеу және сан түрлі саз үйірмелері де бар. Мұның өзі ата-аналарды да, оқушыларды қуанытып отыр.
- Жаңа заман үлгісіндегі зәулім ғимарат бой көтерген. Балаға барлық жағдай жасалған. Мұны мектеп ішін аралау кезінде көз жеткіздік. Сыныптары кең әрі жарық. Ата-аналардың арманы орындалып, қуанып жатырмыз, - дейді қала тұрғыны Алтынбек Әбділманов.
- Жаңа мектепке келіп, танысып жатырмыз. Бұрынғымен қазіргі білім ұясының арасы жер мен көктей. Оқу үшін барлығы қарастырылған. Қуаныштымыз, - дейді мектеп оқушысы Әдемі Өмірзақова.
Білім аясы, жалпы орта және қосымша білім беру мектеп-орталығы деген мәртебе ие болып отыр. Яғни мұнда балаларды қосымша білім берумен қамтуға мән беріледі.
- Оқушылар түске дейін сабағын оқып, түсқайта үйірме, секцияларға қатысады. Бұл осы аумақтағы балалар үшін өте қолайлы. Өйткені бұған дейін мектеп өрендері қосымша білім алу үшін басқа оқу ошақтарына баратын еді. Мұнда робот техникасы, қолөнер, керамика, дәстүрлі ән сияқты сан түрлі үйірмелер бар, - дейді мектеп директоры Мәулен Ділмағанбетов.
Бүгінде өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Орал қаласында үш, Ақжайық ауданында бір мектеп салынуда.
Арман КУРМАНАЛИЕВ