07 августа в 16:30

Оралда кардиологиялық орталық салынбақ

Кардиологиялық орталық жаңа көпбейінді аурухананың бір корпусында орналаспақ.

Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Облыс орталығында жаңа кардиологиялық орталық «Ақжайық» шағын ауданында салынады. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашев мәлімдеді. Жүрек-қан тамырларын емдейтін мекеме жаңадан бой түзейтін облыстық көпбейінді аурухананың бір корпусын болмақ. 

Жаңа орталық 200 орынға арналады екен.Өңірдің бас құрылысшысы баспасөз мәслихатында 200 төсек-орын науқастарға жеткілікті деп мәлімдеді.

— Құрылыс басқармасы Орал қаласында 550 орындық облыстық аурухананың жобасы жасақталып жатыр. Сол 550 орындық аурухананың ішінде бөлек корпуспен кардиологиялық орталық болады. Ол 200 төсек-орынға арналған. Барлық құрал-жабдықпен жабдықталған болады. Қазіргі таңда жоба жасақталып жатыр. «Әсем жоба құрылыс» мекемесімен осы жылдың маусым айында келісімшарт жасалды. Келесі жылы жобаны аяқтаймыз.  Аурухананың құны әлі күнге дейін белгісіз. Оны шыққаннан кейін көреміз. Қазір жобаны аяқтағаннан кейін бюджеттік өтінімді денсаулық сақтау министрлігіне тапсыратын боламыз, — деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашев.

Биылғы жылдың алты айында облыс тұрғындарының 2000-2500 адам кардиологиялық орталықта емделген. Облыстық кардиологиялық орталық директорының орынбасары Эльмира Сүйеуғазиеваның келтірген мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда медициналық мекемеде 148 науқас ем-дом қабылдауда. 

Ақпан, наурыз, сәуір айларында науқастардың саны 170-180 адамға жеткен. 160 орынға арналған кардиологиялық орталықта орын тапшы. Сол себепті тұрғындар аурухананың дәлізінде жатып, емделеді. Бұл мәселе көпті алаңдатып отыр.

— Қазіргі таңда аурушаңдық көбейді. Скринингтік бағдарлама арқылы жүрегі ауыратын науқастар анықталады. Соңғы жылдары 40 пен 60 жас аралығында жұмыс істейтін тұрғындар жиі медициналық көмекке жүгінеді. Қан қысымы жоғары жандар көп. 70-80 жастағы науқастар жасына байланысты дәрігерлердің көмегіне жүгініп, емделеді. Науқастарды 35 дәрігер емдейді. Жылына бес мың адам кардиологиялық орталықта емделеді, — дейді облыстық кардиологиялық орталығы директорының орынбасары Эльмира Сүйеуғазиева.

Орал қаласында жаңа кардиологиялық орталық салынады деп хабарланғанына бірнеше жылдың жүзі болды. 2019 жылы ақжолтай хабарды бұрынғы әкім Алтай Көлгінов мәлімдеген еді. Сол кезде медициналық мекеме «Қарашығанақтың» есебінен салынады деп хабарлаған-ды. Жаңа 550 орындық облыстық көпбейінді аурухананың құрылысы қашан басталады белгісіз. Оған дейін жүрегі сырқат жандар орын тапшы медициналық мекемеде ем-дом қабылдауға мәжбүр.