Осыдан ширек ғасыр бұрын өңірдегі көптеген елді мекендер тұрғындары үшін көгілдір отынның игілігін көру арман болатын. Тәуелсіздікпен бірге бұл арман шындыққа айналды. Бүгінде облысты газдандыру көрсеткіші 93,4 пайызға жетті. 1991 жылы бұл тек 15 пайызды құрайтын.

«Қарашығанақ-Орал» газ желісінен «Жайықжылуқуат» орталығына магистральды газ құбырын тарту жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жалпы ұзындығы 17,5 шақырымды құрайтын құбырдың іске қосылуымен жылу орталығы қосымша газ желісімен қамтылады. Бұл стратегиялық нысанның іркіліссіз жұмысына сеп болмақ.
- Үш шақырым құбыр желісі тартылды. Магистральдық желідегі жұмыстар да кестеге сай жүргізілуде. 10 техника мен 40 адам осы жұмыстарға қамтылған. Желінің іске қосылуы жылу орталығының жұмысын жақсартады. Апатты жағдайлар орын алса, осы қосымша желінің көмегімен қуат орталығы тоқтамай жұмыс істей береді, - дейді газ құбырын тарту жобасының жетекшісі РЕНАТ БИСЕНОВ.
Өңірдегі елді мекендерді газбен қамту Орынбор-Новопсков, Орталық Азия, Қарашығанақ-Орал және АГРС Жымпиты-Қаратөбе газ жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Жыл өткен сайын көгілдір отынның игілігі тұрғындарға қолжетімді бола түсуде. 25 жылда газдандыруға 20 млрд. теңге қаржы бөлінген.
1991 жылы облыстың газбен қамтылу көрсеткіші 15-ақ пайыз болса, бүгінде бұл 93,4 пайызға жеткен.
Газдандырылған елді мекендер саны жөнінен өңір республикада 4-орында. Тек биылдың өзінде 15 ауылдың тұрғындары от жағып, күл шығарудың тауқыметінен құтылды. Бүгінде облыстағы 270-тен астам ауылдың тұрғыны көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Болашаққа жоспарлар ауқымды.
- 3 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа бюджеттік өтінім берілді. Ол 12 мың тұрғынымен 35 елді мекенді қамтымақ. Және де Қазталов және Теректі аудандары бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жүзеге асырылуда, - дейді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары БЕРІК ЕСЕНҒАЛИЕВ.
Осы жобалардың жүзеге асуымен алдағы үш жылда облыстағы елді мекендердің 98,8 пайызы орталықтандырылған газ жүйесіне қосылады деп жоспарлануда. Бұл - өңірлерді газбен қамтудағы жоғары көрсеткіш.