Оралдық мүмкіндігі шектеулі спортшылар арнайы жабдықталған жаттығу залына зәру. Талай сайыстарда өңір намысын абыроймен қорғап жүрген ерекше санаттағы спортшылар қазір шағын залда жаттығуға мәжбүр.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бұрындары әр жерді сағалап, жүйелі жаттығу өткізуде көп қиындықтарға кезіккен спортшылар арнайы орын табылғанда қуанғандары рас. Орталық саябақта орналасқан шаңғышылар базасындағы шағын зал қазір мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттығу бөлмесі. Тағдырдың сынағына мойымай, спортты серік еткен қайсар жандар сағаттап тер төгуден жалыққан емес.
- Кішкентай кезімнен бері айналысып келем спортпен. Бірінші бапкерім – Артур Серғалиев. Парадзюдодан тұңғыш рет жүлде алып келген Бердіғали Төлегенұлы. Бұл спорт түрі бізде бір жыл бұрын ашылды. Содан кейін тұңғыш рет Қазақстан чнмпионаты өтті. Содан үшінші орын алдым, - дейді дзю-додан Қазақстан чемпионатының жүлдегері САМАТ БИМҰРАТОВ.
- Тамыз айынан бастап клуб толыққанды жұмыс жасап жатыр. Бүгінгі таңда спортшыларға барлық жағдай жасалған. Спорттық жабдықтар алынды. Спортшылар қалыпты шұғылданып жатыр, - дейді мүмкіндігі шектеулі спортшылар клубының әдіскері ДӘУРЕН ҚАБДУЛОВ.
Алайда, аядай жердің жаттығу жасауға өте тар екені көрер көзге көрініп тұр. Спорттық жабдықтар алынды делінгенімен, де дзю-до, таэквондо және грек-рим күресімен айналысатын спортшылар үшін бұл бөлме қолайлы деуге келмейді. Амалдың жоқтығынан барға қанағат етіп отырған мүмкіндігі шектеулі спортшыларға жабдықталған залдың қажеттігін бапкерлер де баса айтады.
- Әрине, бұл зал жаттығуларды өз деңгейінде өткізуге мүмкіндік бермейді. Орынның тарлығы спортшылардың өзара шеберлік байқасып, кездесулер өткізуіне де кедергі болып отыр. Сондай-ақ арнайы жуыну бөлмесінің жоқтығы да қолайсыздық туғызуда, - дейді жаттықтырушы АРТЕМ ФАТАКОВ.
Оралдық мүмкіндігі шектеулі спортшылар талай дүбірлі додаларда жеңіс тұғырына көтеріліп, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Пауэрлифтинг, дзю-до, суда жүзу мен таэквондо бойынша 11 спортшы ел құрамасының мүшелері. Таяуда ғана Қызылорда қаласында парадзюдодан өткен ел чемпионатында Бауыржан Бегайдаров І орынға ие болса, Самат Бимұратов пен Теміржан Хасанғалиев ІІІ орынның иегерлері атанды. Ал екі қолы жоқ Мәлік Мұқашев таэквондодан өткен Азия чемпионатынан қола жүлдемен оралды. Оралдық спортшылар әлі де талай биіктерді бағындыруға бекініп отыр. Бұл ретте барлық талаптарға сай жабдықталған спорттық зал керек-ақ. Сондай-ақ әлі күнге дейін мүгедек спортшыларды жаттығуға көлікпен әкелудің ұйымдастырылмауы да ойланарлық жайт.
Арман Курманалиев