Атырауда мұнай өңдеу зауыты жөндеуден соң қайта іске қосылды

Қазіргі таңда зауыт 100 пайыз жобалық қуатында жұмыс істеп жатыр.

Жақында жөндеуге жабылған Атырау мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылды. Бұл туралы энергетика министрлігі хабарлады. Қазіргі уақытта мұнайды бастапқы және екінші қайта өңдеуге арналған негізгі және қосалқы қондырғылар іске қосылған.

–Зауыт тұрақты жұмыс істеп, өндірістік бағдарламаға сәйкес өнім шығаруды қамтамасыз етуде. 6–7 қарашада Атырау МӨЗ тәулігіне 16,8 мың тонна мұнай өңдеп, жобалық қуаттың 100% жетті. Осы кезеңде он мың тоннадан астам сұйытылған газ, АИ-92 маркалы бензин, маусымаралық және қысқы дизельотыны өндіріліп, жөнелтілді. Сұйытылған мұнай газының тәуліктік өндірісі шамамен 700 тоннаны құрайды,–делінген энергетика министрлігінің хабарламасында.

Атырау мұнай зауыты елдегі сұйытылған газдың 11 пайызын өндіреді. Энергетика министрлігі іске қосылған өндіріс ошағы нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді деп сенім білдіреді. Қосымша өндірілген отын жоспарға сәйкес өңірлерге жөнелтілмек.