Қазақстандықтардың 900 млн теңгедей қаржысын жымқырған қылмыстық топ құрықталды
Алаяқтар Украинада отырып, қазақстандықтарды алдапты.
Қазақстандықтардың 900 миллион теңгесін жымқырған алаяқтар құрықталды. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады. Қылмыскерлерді қолға түсіру операциясы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері мен Украинаның бас прокуратурасы, тәртіп сақшылары бірге жүргізген.
Арнайы операция барысында қылмыстық топ Черновцы мен Одесса қаласында ұзақ уақыт бойы азаматтарды алдаған call- орталықтың жолын кесті. Олар қазақстандықтарға Ұлттық банк, құқық қорғау саласының қызметкерлеріміз деп қоңырау шалған. Алаяқтар телефон арқылы тұрғындарға психологиялық қысым көрсеткен. Қылмыскерлер адамдардың депозиттегі ақшасын, мал-мүлігін сатып, оның қаржысын аударуды талап етіпті. Тіпті, алған несиесін дропперлердің шотына аудартып отырған.
— Топ нақты иерархиядан тұрған. Әркім өз рөлін атқарған. Онда әкімшілер, HR-менеджерлер, «клоузерлер», техникалық қызметкерлер, тіпті «күштік блок» болған. Қылмыстық жолмен алынған ақша call-орталықтың жұмысына, автокөлік сатып алуға және тағы да басқа нәрселерге жұмсалды. «Кеңсені» ұстау үшін ұйымдастырушылар айына 60 мың АҚШ долларын жаратқан, ал күдіктілердің бірі соңғы алты айда бес көлік сатып алған. Бір мезгілде күдіктілердің тұрғылықты мекенжайлары бойынша және сall-орталықтың өзінде жүргізілген тінту барысында 30-дан астам компьютерлік техника, 79 ұялы телефон, sim-карталар, нысанды киім-кешек, құқық қорғау және арнайы органдардың, Ұлттық банктің қызметкерлерінің жалған куәліктері, азаматтарды алдауға арналған түрлі жауап нұсқалары бар алдын ала дайындалған сценарийлер, сондай-ақ басқа да айғақтар тәркіленді, — деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.
Тәркіленген құрылғыларда deepfake технологиясы арқылы бейне мен дауысты өзгертуге арналған арнайы бағдарламалық жасақтама табылды. Арнайы операция нәтижесінде Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, оның бесеуі қамауға алынды.