Биыл «Күміс жас» бағдарламасының арқасында 12 мың адам жұмысқа орналасты
Биыл ел аумағында 50 жастан асқан 24 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
2025 жылдың бірінші шілдесіне дейін 12 мың 400 адам «Күміс жас» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Ведомство өкілдері жыл соңына дейін 23 мың 800 адамды осы бағдарламаның арқасында қызметке орналастыруды жоспарлап отыр. «Күміс жас» бағдарламасымен ең көп Алматы қаласында екі қолға бір күрек тауыпты. 1118 алматылық еңбекке араласыпты. Ал, Жамбыл облысында – 1 032 адам, 1007 ақтөбелік, Қарағанды облысының 1004 тұрғыны, Жетісу облысында 1040 азамат жұмысқа орналасыпты. Қатысушылардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында – 36%, қызмет көрсетуде – 23%, қоғамдық тамақтандыруда – 21% жұмыспен қамтылған.Бағдарламаға қатысушылардың дені ауыл шаруашылығының саласында, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану саласында еңбек етеді.
«Күміс жас» бағдарламасы елу жастан асқан жұмыссыз жүрген жандарды еңбекке араластыруды көздейді. Жобаға қатысу үшін «Мансап» орталығына өтініш беру қажет. Бағдарламаға қатысу мерзімі 36 айдан яғни, үш жылдан аспайды. Осы уақыт аралығында әрбір қатысушының айлығының жартысы мемлекет тарапынан субсидияланады. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде бір жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына, сондай-ақ зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.
«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба аясында жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асырады. Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70 пайызын (бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65 пайызын (бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60 пайызын (бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын) құрайды.