БҚО-да көктемгі егіс басталды
БҚО-да 7 мың гектар жерге дәнді-дақылдар егілген.
Батыс Қазақстандық шаруалар көктемгі далалық жұмыстарға кірісті. Олар 317 мың гектар алқапқа ылғал жауып, сондай-ақ 37 мың гектар жерге культивация жүргізген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы таратқан ақпарға сүйенсек, өңірде егіс алқабы 612,7 мың гектарды құрайды. Оның 290,6 мың гектар жері дәнді-дақылдарға, майлы дақылдар – 118,9 мың гектар, картоп, көкөніс-бақша дақылдары – 4,2 мың гектар, мал азықтық дақылдар - 199 мың гектар жер арналған.
Сала мамандары көктемгі егіске батысқазақстандық дихандар толығымен дайындалғанын айтады. Егіс үшін 29,4 мың тонна тұқым қажет болыпты.Бүгінгі таңда барлық тұқымдар зертханалық тексерістен өтіп, сұрыпталған. Соның ішінде: бірінші класс тұқым 30%, екінші класс 45% және үшінші класс 25% құрайды.
Биыл көктемгі далалық жұмыстарды орындау үшін 8,4 мың тонна дизель отыны бөлініпті. Отын наурыз – 1,8 мың тонна, сәуір – 2,7 мың тонна, мамыр – 2,6 мың тонна, маусым – 1,3 мың тоннаға бөлінген. Шаруаларға отынды тасымалдайтын мердігер анықталыпты. Бұл міндетті «Petro Retail» компаниясы атқармақ. Ол Орал қаласына дизельді литріне 254 теңгеге саудаламақ. Күні бүгінге дейін батысқазақстандық шаруалар 1050 тонна дизель отыны сатып алыпты.
Сұйық отынын түгендеген дихандар алты ай қыста егіс жұмыстарын орындау үшін техникасын сайлаған. Облыста көктемгі далалық жұмыстарға 3 136 бірлік трактор, 2 097 бірлік дән сепкіш, 646 бірлік қопсытқыш және өзге де техникалар жұмылдырылмақ.
2025 жылы Батыс Қазақстан облысында өсімдік шаруашылығы бағытындағы субсидиялау бағдарламалары мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен барлығы 2,6 миллиард теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың 1,9 миллиард теңгесі өсімдік шаруашалығын қолдауға бағытталған.
Сондай-ақ, тұқым шаруашылығын дамыту үшін 245,3 миллион теңге, тыңайтқыштар құнын субсидиялау – 711 миллион теңге, пестицидтер құнын субсидиялау – 197,1 миллион теңге, басым дақылдар өндірісін дамытуды субсидиялау – 687,2 миллион теңге, ауыл шаруашылығы тауаларын өндірушілерге су беру қызметін субсидиялау үшін 22 миллион теңге қарастырылған. Ал, қызмет көрсету үшін 764, 2 миллион теңге, тұқымның егу сапасын тексеруге – 38,1 миллион теңге, саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу үшін 726,1 миллион теңге бөлінген.
Шаруалар мол өнім жинау үшін біраз тер төгеді. Ауа райының қолайсыз болуы, тұқымның жақсы болуынан бөлек, зиянкестермен күрес те маңызды. Биыл «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының зерттеу нәтижесі бойынша шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының жалпы көлемі 326,8 мың гектар болып белгіленді.
Республикалық бюджет есебінен үйірлі шегіркелерге қарсы 134,5 мың гектар жерді химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты.Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары бүгінде мемлекеттік сатып алу бойынша аэрозольді генераторлармен, жер үсті желдеткіш бүрккіштермен және аса жеңіл ұшақпен мердігерлер анықталғанын хабарлады. Облыстық бюджет есебінен саяқ шегірткелерге қарсы өңдеу болжамы – 192,3 мың гектарды құрайды. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 726 миллион теңге бөлінген. Химиялық өңдеу жұмыстары аэрозолды қондырғылармен жүргізіледі екен.