9 часов назад

БҚО-да қызыл жалынның кесірінен 13 адам қаза тапты

Биыл облыс аумағында тіркелген өрттің 58 пайызы тұрғын үй секторында болған.

Фото: istockphoto.com

Биыл Батыс Қазақстан облысында 547 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Өңірде тұтанған қызыл жалынның 58 пайызы тұрғын секторында болыпты. Тілсіз жаудың кесірінен батысқазақстандықтардың 320 баспанасы зардап шеккен. 

Дүние-мүліктен бөлек, 13 адам қызыл жалынның кесірінен көз жұмыпты. Оның он бірі үйде тұтанған өрттің кесірінен дүние салған. Ал, үш адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Келген шығын 31 431 900 теңгені құрапты. 

—  Өткен 2024 жылмен салыстырғанда өрттер саны азайғанымен, адам өлімі көбейіп отыр. Мәселен, былтыр облыс бойынша 564 өрт тіркеліп, үш  адам қаза тауып, алты адам жарақат алған болатын. Ал материалдық шығын 473 032 400 теңге құраған, — дейді Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мереке Жұмағалиев.

Өрт сөндірушілер жаңа жылыту маусымында сақтық шараларын қатаң сақтануға шақырады. Жыл сайын төтеншеліктер әлеуметтік аз қамтылған жанұялардың үйлеріне арнайы көгілдір отынның иісін сезетін құрылғыларды орнатып келеді. Соңғы төрт жылда екі мыңнан астам датчик орнатылыпты. Мамандар бұл құрылғының пайдасы зор екенін деп айтады.

—  Жаңадан салынған тұрғын үйлерді қолданысқа енгізу кезінде «QazaqGazAimaq» БҚОФ ақпаратына сәйкес төрт мыңға жуық газ датчиктері орнатылды. Бұл құрылғылар газдың иісін сезіп, қауіпті жағдайда дыбыстық белгі беру арқылы тұрғындарға дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік береді. Орнатылған датчиктер арқасында тұрғындар арасында улану немесе датчиктің іске қосылуымен байланысты төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Бұл датчиктердің пайдасы өте зор. Олар ауадағы қауіпті газ мөлшері артқанда дыбыстық белгі беру арқылы өрттің шығуының, адамдардың улану немесе қаза болу жағдайларының алдын алуға септігін тигізеді,—  деді Мереке Жұмағалиев. 

Төтеншеліктер жылыту маусымында: 

  • Электр желілерін шамадан тыс жүктемеу;
  • Жылыту қондырғыларын (қатты немесе газ тәріздес отындағы пештер мен электр жылыту құрылғылары) пайдалану кезінде қолдану ережелерін бұзбау;
  • Газ жабдықтарын қолдану кезінде желдетуді қамтасыз ету;
  • Балалардың отпен ойнауына жол бермеу;
  • Ашық от көздерін пайдаланбаған жөн, - деп ескертеді.