БҚО-да 72 мың астам донор бар

Олар жылына кем дегенде бір рет қан тапсырады.

БҚО ДСБ фотосы

14 маусым — Дүниежүзілік қан доноры күні. Орал қаласында  қан тапсырып, өзгенің өміріне араша болып жүрген жандар алғысқа бөленді. Дәрігерлер донорлар кез-келген уақытта бөгде адамға көмектесу үшін уақытпен санаспайтынын айтады. 

— Бірнеше жылдар бойы Батыс Қазақстан облысы Қазақстан көлемінде ерікті, ақысыз донорлықтан бірінші орын алады. Қазір басқа облыстағы әріптестеріміз біздің ізімізді қуып, донорларды 100 пайыз, ерікті, ақысыз донорлыққа шақырып жатыр. Жыл сайын 14 маусымда өтетін Дүниежүзілік қан донорының күнінің ең басты мақсаты – азаматтарды ақысыз,ерікті донорлыққа шақыру. Әсіресе, жастардың назарын аудару, - дейді облыстық қан орталығының бөлім басшысы Лида Кенжеалиева.

Қан орталығына жиналған донорлар қан тромобицтін тапсырды. Дәрігерлер соңғы жылдары онкогематологиялық немесе өзге сырқатқа шалдыққан науқастарға қан клеткасы көбірек құйылатынын хабарлады.

Облыс орталығында қан компонентерін дайындап, донорларды жинайтын жалғыз мекеме қан орталығы бар. Орталықта 100-ге жуық маман еңбектенеді. Оның 14 жоғары білім бар дәрігерлер, 43 медбике мен өзге мамандар еңбектенеді. Өткен жылы орталық 2478 науқасқа 12198 қан компонентін жөнелтіпті.

Батыс Қазақстан облысында 72 мың донор арнайы базада тіркелген. Олар кемінде жылына бір рет қан тапсырады. Донорлардың жасы ұлғаюына байланысты жастарды тарту ісі қолға алыныпты. Бүгінгі таңда 638 адам алғаш рет қан тапсырған.

— Облыста донорлардың көбеюіне қажеттілік жоқ. Жыл сайын 7600-7500 донация тіркеледі. Донация дегеніміз — қан тапсыру дегенді білдіреді. Сол жеткілікті. Цифр жүзінде айтатын болсақ, 5200 донор келіп, тапсырғаны жеткілікті. Өйткені донор қанының сақталу мерзімінің шегі бар. Ол 42 күннен 49 күнге дейін. Одан кейін қан жарамсыз болып қалады. Адамның денесінен, қанынан алынған нәрсе болғандықтан, қанынан дайындалғандықтан біздер оны төгіп немесе есептен шығарып тастауға құқықығымыз жоқ, - дейді Лида Кенжеалиева.

72 мың донордың бірі - Асылбек Сүлейменов. Ол жылына бір-екі рет донация жасайды. Қазір дәрігерлер ақсақалды жасына байланысты мазаламайды екен.

— Мен 1979 жылдан бері қан тапсырамын. Алайда құжаттарым жоғалып қалды. Қазір1989 жылдан бері құжаттарым бар. Мені ешкім қан тапсыруға шақырмайды, - дейді Орал қаласының тұрғыны Асылбек Сүлейменов.

Ал, Орал қаласының тұрғыны Юрий Чахалиди 357 рет қан тапсырыпты. Бүгінде алпысты алқымдаған ақсақал қан тапсыруды 30 жасынан бастаған. Қала тұрғыны ең алғаш әскерде жүрген шағында қан тапсырғанын еске алады. Юрий Чахалиди содан бері дәрігерлердің құрал-жабдығы жаңартып, сапасы артқанын тілге тиек етті. 

— 1994 жылдан бері қан тапсырамын. Қазір 357 рет қан тапсырғанымды айтты. Плазманы екі апта сайын, қанды әрбір екі ай сайын тапсырамын. Біздер адамға пайдалалы боламыз. Қиын жағдайға тап болған жанға ота қажет болса, біз көмекке келеміз, - дейді қала тұрғыны Юрий Чахалиди.

Қазақстан Республикасының дені сау, кәмелекетке толған азаматты қан тапсырып донор бола алады. Донорларға қойылатын талап 18 жастан асқан, салмағы 50 келіден астам, бойы 150 сантиметрден асқан адам болуы керек. Донор болам деген жанның созылмалы сырқаты мен диспансерлік учетта болмауы шарт. Дәрігерлер ер адамдарды екі ай сайын, әйел адамдарды төрт ай сайын қан тапсыруға шақырады екен.

Автордың фотосы