Энергетика министрлігі: «Орынбор зауытындағы апат Қазақстанның газбен қамтылуына әсер етпейді»
Өткен демалыста Ресейдің Орынбор қаласында орналасқан мұнай-газ өңдеу зауыты әуе шабуылынан зардап шекті.
Орынбор зауытындағы апатқа байланысты Қазақстан газсыз қалмайды. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрлігі мәлімдеді, — деп хабарлайды Dalanews.kz
«Газпромның» мәліметі бойынша 19 қазанда Орынбор газ өңдеу зауытында ұшқышсыз әуе аппаратының шабуылы салдарынан апат жағдайы туындап, зауыт Қарашығанақ кен орнынан шикі газ қабылдауды уақытша тоқтатқан.
— Зауыттың зақымдану сипаты мен жұмысын қалпына келтіру мерзімдері бойынша ақпарат ресейлік тараптан әлі берілген жоқ. Қазақстан газсыз қалмайды. Газ ішкі тұтынушыларға қалыпты режимде, ешқандай шектеусіз жеткізіліп жатыр, — деп жазылған хабарламада.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, Қарашығанақ шикізатын өңдеу және мұнай өндіруге ықтимал әсері кен пайдаланушыларымен бірлесіп қаралып жатыр.
— Шығындар мен алдағы шаралар туралы қосымша хабарланады. Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап, ресейлік тарап және кен орны операторларымен тұрақты байланысты, — деп жазылған хабарламада.